Осы жылдың 10 айында бюджетке 10 рет өзгеріс енгізілген. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Ұлтық экономика министрлігінің бюджеттік тәртіпті бұзып жатқанын айтты.
Мәжілісте депутат Ерлан Саиров Үкіметтің парламенттің қатысуынсыз бюджетке өзгеріс енгізетінін атап өтті. Депутаттың айтуынша, министрліктің бұл әрекеті қоғамдық бақылау концепциясына сәйкес келмейді.
«Бюджетке 9 рет өзгеріс енгізілген. Парламенттің қатысуынсыз бюджетке өзгеріс енгізу – президент Тоқаевтың қоғамдық бақылау концепциясына сәйкес келмейді. Депутат жоқ, «өзіңіз би, өзіңіз қожа» рахат! Сол өзгерістердің аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгеріс енгізілген. Өзгеріс барысында ағымдағы жылдың шығындары қайта қаралып, қайта өзгере ме?», – деп сурады депутат.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджетке 9 емес, 10 рет өзгеріс енгенін айтты. Министр бұл түзетулердің шығындарды оңтайландыру мақсатында енгізілгенін және Тоқаевтың тапсырмасының негізінде жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
«Биыл бюжет 9 емес 10 рет түзетілді. Жақында тағы бір өзгеріс енгізген болатынбыз. Бұл өзгеріс есебінен біз 375 мдрд теңгеге қатысты қаражатты қайта құрылымдадық. Бірінші кезекте, бұл қаражатты экономикалық өсім әкелетін бағыттарға жібердік. Қазіргі бюджет заңнамасына сәйкес, біздің мұндай құзыретіміз бар. Ал жаңа бюджет кодексінде парламент алдында есеп беру қажеттігі жөнінде норма қарастырылған. Егер біз қандай да бір өзгеріс енгізетін болсақ, 5 күн бұрын сіздердің алдыңызға келіп, не үшін және қайда жұмсалатыны жөнінде баяндап отырамыз»,- деді министр.
Сонымен бірге министр бюджет жоспарына көп өзгеріс енуіне көктемгі су тасқынына қатысты жағдай әсер еткенін, президент Тоқаевтың су тасқынына қатысты бюджет шығыстарын азайту жөніндегі тапсырмасына сай өзгеріс енгізілгенін айтты. Атап айтқанда, өнімсіз шығындар, іссапарлар мен форумдар шығын қайта қаралып, басқа бағыттарға жұмсалған.
Осы өзгерістердің негізінде министрлік ауыл шаруашығылы саласын қаржыландыруды 3 есе арттырған. Ал тұрғын үй мен газдандыру сынды салаларға қосымша 100 млрд теңге бөлінген. Байбазаров үнемделген қаржы халықтың тұрмысын жақсартуға және экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталғанын жеткізді.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бюджетке 10 рет өзгеріс енгізу тәртіпке қайшы екенін айтты.
«Сіз 10 рет өзгерту жасадық деп бір ерлік жасағандай айтып отырсыз ғой. Ай сайын бюджетке бір өзгеріс енгізіліп отырған. Яғни бюджеттік тәртіп ақсап жатыр деген сөз. Солай ғой. Депутат көтеріп отырған мәселе өте дұрыс. Мұны Үкімет өз қаперіне алуы керек»,- деді Қошанов.