Жаңалықтар

Депутат Үкіметтің олигархтар мүддесін қорғап отырғанын айтты

депутат Бейсенбаев
Депутат Үкіметтің халық мүддесінен бұрын олигархтар мүддесін қорғап отырғанын айтты / Фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Дастан Шанай

Депутат Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің бюджет жоспарын дұрыс жоспарлай алмағаны себепті қазіргі уақытта ел экономикасы сын-қатердің алдында тұрғанын айтты. Осының салдарынан доллар-теңге бағамына да құзырлы ведомстволар тарапынан лайықты деңгейде мән берілмей, халықтың жағдайы түзелмей жатқанын атап өтті.

Осы орайда Бейсенбаев Үкіметтің кімді қолдайтыны түсініксіз екенін, шенеуніктерді күні жалақыға қарап отырған халықтың жағдайы алаңдатпайтынын жеткізді.

«Ақша-несие саясаты тұрақсыз. Бұған қатысты жақында бірқатар шенеуніктердің доллар-теңге бағамы «жәй ғана сан» деген мәлімдемесін естідік. Демек олар мұның қарапайым халық үшін болашақтағы қаржылық салдары қандай болатынын ескермей отыр. Елімізде күні жалақыға қарап отырған табысы аз адамдар саны доллардың жоғары бағамынан пайда көріп отырған экспорттаушылар санынан мың есе көп. Осы орайда мынадай сұрақ туындайды. Үкімет кімді қолдайды? Қарапайым халықты ма, әлде олигархтар жағында ма?», – деді депутат.

Сонымен бірге депутат шенеуніктердің үш жылдық бюджет тұрмақ, 1 жылдық бюджет стратегиясын дұрыс қалыптастыра алмай отырғанын, осының салдарынан ел экономикасы ақсап жатқанын айтты. Тіпті депутат 4 пайыздық жалпы ішкі өнім көрсеткішіне қатысты статистиканың дұрыстығына да күмәнмен қарайды. Айтуынша, мұндай өсім кезінде халық жағдайы мен жалақысында оң өзгеріс бірден байқалуы керек болған.

«Жалпы ішкі өнім былтыр 5,3%-ға, биыл 4%-ға өскеніне қарамастан, халықтың жағдайы жақсармай отыр. Экономика өсуде, ал халықтың кірісі өспей тұр. Дамыған елдерде жалпы ішкі өнімнің 4%-ға өсуі бірден халықтың әл-ауқатының артуына әсер етеді. Ал біздің жағдайымызда мұндай өсім байқалмай отыр. Меніңше, бұл жерде статистиканың әлсіздігі байқалады», – деді депутат.

Айта кетейік 22 қазанда Мәжілісте тағы бір депутат Бақытжан Базарбек те, елде көбінде олигархтардың мүддесі қорғалатынын, тіпті заңдардың да солардың ыңғайына қарай әзірленетінін айтқан болатын.