Су тасқынының алдын алуға бөлінген қаражатқа коммерциялық мүлік сатып алған
«Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-ның басшылары басшылары Үкімет резервінен су тасқынының алдын алуға бөлінген қаржыға өздеріне Астана мен Алматы қалаларынан жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Ақмола облысының арнайы прокурорларымен 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-ның басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен бөлінген. Ақмола облысы, Атбасар ауданының әкімдігі бұл қаржыға су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяға арнап, 100 пәтерден тұратын екі үй салуы қажет болған. Ал су басу қаупі жоғары аймақтардан халық көшірілуі керек еді. Алайда күдіктілер бұл ақшаны өздері иеленіп, Алматы, Астана қалаларынан коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғыларын сатып алған. Сонымен бірге олардың банктік шотынан 50 млн теңгеден астам ақшалай қаражат табылған. Олардан тәркіленген мүліктің құны 335 млн теңгеден асады.
Бұдан соң күдіктілердің әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189- бабы 4-бөлігі – аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу фактісі бойынша сараланған. Бұл баптар бойынша күдіктілердің мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.
«Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға, қылмысқа қатысы бар үшінші серіктес үйқамаққа алынды»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен бірге прокурорлар, бір күдіктінің мемлекет ақшасына сатып алған коммерциялық мүлікті жалға беріп пайда көргенін анықтаған. Сол себепті, бұл азаматтың әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру яғни жылыстату бойынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланған. Ал мұндай қылмыс үшін мүлкін тәркілеумен қатар 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 14 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі су тасқынына жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен қайырымдылық қор жетекшісі Перизат Қайраттың ұсталғанын хабарлаған болатын.