«Теңізшевройл» кен орны іске қосылса, ел қазынасына 900 млрд теңге көлемінде қаражат құйылады – Байбазаров

Жарияланды
«Теңізшевройл» кен орнын кеңейту жобасы іске қосылса, мұнай өндірісі 8 млн тоннадан асады деп күтілуде / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Теңізшевройл» кен орнын кеңейту жобасы іске қосылса, ел қазынасына 900 млрд теңге көлемінде қаражат құйылады. Сонымен бірге ел экономикасының өсіміне де 0,8-1% көлемінде мультипликативті әсер етеді. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Жиында мәжіліс депутаты Арман Халықов ел бюджетіне лайықты мөлшерде қаражат түспегенін, бұған 5,1 млн тонна көлемінде мұнайдың өндірілмей қалуы себеп болғанын атап өтті. Ал бұл көлемнің игерілмеуіне «Теңізшевройл» кен орнын кеңейту жұмыстарының кейінге шегерілуі өз әсерін тигізген.

«Салдарынан республикалық бюджетке 194 млрд теңге көлемінде қаражат түспей қалды. ТШО жобасынан ел бюджетіне қандай көлемде пайда түседі?»,- деп сұрады депутат.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ТШО іске қосылса, жалпы ел экономикасына оң ықпал ететінін атап өтті.

«Болжамымыз дәл болса, ЖІӨ-нің 0,8-1%-ы көлемінде мультипликативті әсер етеді. Кен орнындағы мұнай өндірісі 8 млн тоннадан асып, одан түсетін табыс 900 млрд теңге көлемінде болады. Оның 600 млрд теңгесі Ұлттық қорға түссе, экспорттық кедендік баждан түсетін 300 млрд теңге республикалық бюджетке түседі деп болжап отырмыз»,- деді министр.

Депутат Энергетика министрлігінен жоба құрылысының кешіктірілуіне не әсер еткенін және ендігі жоспарға сәйкес жобаның қай уақытта іске қосылатынын сұрады.

«Теңізде кеңейту жұмыстары 2022 жылы аяқталуы керек болған. Алайда пандемия басталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары толық тоқтап қалды. Сол кезеңде компания жобада жұмыс істеп жатқан 20 мың жұмысшыны таратып жіберген болатын. Панедмиядан кейін көрші елдегі геосаяси ахуал өзгерді. Салдарынан логистикалық тізбектер бұзылып, Еуропа мен Оңтүстік Кореядан келетін құрал-жабдықтар кешіктірілді»,- деді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.

Министрлік өкілі ТШО кен орнын кеңейту жобасы өте үлкен әрі күрделі жоба екенін, құрылыс аяқталған жобаны іске қосу үшін де бірталай уақыт қажет болатынын айтты. Солайша жоба толық көлемде 2025 жылдың басында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, кен орын кеңейту жобасы кешіктірілуіне байланысты 12 млрд доллардан 2023 жылы 47 млрд долларға дейін қымбаттаған болатын.

Теңіз мұнай кеніші 1979 жылы ашылды. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасында жасалған келісім негізінде құрылған. Қазіргі таңдағы «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ – 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» – 25% және «Лукойл» – 5%-на иелік етеді.  

Сондай-ақ оқыңыз