Үкімет резервінен 2024 жылы 567 млрд теңге жұмсалған. Қаржы министрі бұл қаражаттың қайда кеткенін айтты

Жарияланды
үкімет резервіне
Үкімет резервіне 2023 жылы 331 млрд теңге бөлінген / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет резервіне 2024 жылы 567 млрд теңге бөлініп, толық игерілген. Бұл қаражат 2023 жылғы көрсеткіштен 70%-ға артық екен. Өткен2023 жылы бюджетті қалыптастыру кезінде Үкімет резервіне 331 млрд теңге қарастырылған. Яғни қаражат екі есеге жуық өсіп отыр. Мұның себебін Мәжілісте депутат Максим Рожин сұрады.

«Үкімет резервіне осы жылы 567 млрд теңгеден аса қаражат бөлініп, бұл сома осы күнде толық игеріліп қойған. Үкімет деректеріне сәйкес, резерв кірістердің төмендеуіне байланысты шығыстарды оңтайландыру есебінен ұлғайтылады. Бірақ іс жүзінде, шығыстар қысқартылмаған. Тек қайта бөлінген. Биылғы жылы Үкімет резервінің қаражаты қайда жұмсалды?»,  – деп сұрады депутат.

Қаржы министрі Мәди Такиев қаражаттың су тасқынынан кейін өңірлерді қалпына келтіруге, жалпы қаражаттың халықтың жағдайын жақсартуға жұмсалғанын жеткізді.

«Резерв қаражаты жылу беру объектілерін жөндеуге – 63 млрд теңге, агроөнеркәсіпті қаржыландыруға – 60 млрд теңге, АЭС референдумына – 15,5 млрд теңге, вакцина сатып алуға 15,6 млрд теңге және т.б. салаларға жұмсалды», – деді Тәкиев.

Депутат Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтан Үкіметтің осындай түзетулерді парламентті қатыстырмай енгізуінің қаншалықты орынды екенін сұрады.

Смайылов Үкімет резерві жедел шығыстардың орнын жабуға, бұл резервте тосында шұғыл мәселелерді шешуге қашан да қаражат жеткілікті болуы қажет екенін айтты.

«Шұғыл шығыстар көлемін алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан Үкіметте осындай жедел мәселелерді шешуге қаражат жеткілікті болу керек. Жалпы бюджетті нақтылау қаражатты қайта бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бірақ, өкінішке қарай, бюджетті нақтылау дер кезінде орындалмағандықтан, жедел мәселелерді уақтылы шешуге мүмкіндік бермейді. Мысалы бүгін қарастырылып жатқан өзгерістерді президент тамыз айынының ортасында мақұлдаған. Ал оларды қабылдау желтоқсанның басына жоспарланып отыр. Сол себепті Үкімет резерв қаражатын жедел басқару мүмкіншіліктерін сақтауы керек», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Сонымен бірге палата төрағасы қаржылық тәртіпті жоғарылату маңыздылығына тоқталды. Бұл үшін бюджет әкімшілеріне қатысты тиімсіз жоспарлағаны үшін жауапкершілікті күшейткен жөн екенін айтты. Сондай-ақ Үкімет резервіндегі қаражаттың күтпеген, жоспарға енбеген шығыстарға ғана жұмаслуы қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, Үкімет резервіндегі қаражаттың шектелгенін айдың ортасында Kursivmedia редакциясына Көлік министрлігі хабарлаған болатын.

Соныман бірге Үкімет резервінен су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге 49 млрд теңге бөлінген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз