Кейінгі жылдары заттың ақысын бөліп төлеу тәсілі сәнге айналып келеді. Тауар болсын, қызмет болсын — көпшілігі осы әдісті ұсынады. Дәл қазір қалтасында ақшасы жоқ адамдар кредит алмай, біреуден қарыз сұрамай, айлап жинамай бөліп төлеуге алады. Бизнеске де бұл тәсіл оңтайлы. Өйткені клиент саны көбейеді. Дегенмен сомасы бірнеше айға дәл бөлініп, пайызсыз беріледі дейтін схеманың кредиттен айырмашылығы айтарлықтай аз емес. Неге олай екеніне толығырақ тоқталайық.
Бөліп төлеу деген не?
Бұл — банктің не шағын қаржы ұйымының ұсынатын қызметі. Оны зат алатын жерге барып офлайн да, болмаса интернет арқылы да алуға болады. Кейде дүкен иесі қаржы ұйымдарының қатысынсыз да бөліп төлеуге беріп жатады. Десе де, берешектің мұндай түрі сирек кездеседі. Өйткені екі тарап та үлкен тәуекелге бел буады. Сатушы тауардың толық бағасын ала алмай қалуы мүмкін болса, сатып алатын адам соманы толық салмайынша тауар ала алмай қалуы ғажап емес. Аймақтардағы кәсіп иелері, айталық жиһаз жасайтын дүкен секілді жерлер осылай жасап жатады. Мысалы, клиентке жатын бөлмесіне арналған гарнитура керек делік. Ол алдымен аванс ретінде ақысының бір бөлігін беріп қояды да, қалған жартысын дайын болғанша беріп болуы керек деп келіседі. Жалпы алғанда Қазақстанда POS бөліп төлеу көбірек кездеседі. Ол дегеніміз — бірінші атап өткен, банк арқылы жасалатын схема.
Әдетте бізге зат не қызмет алатын кезде төлеудің түрлі тәсілі ұсынылады. Оның ішінде: картамен не қолма-қол ақшамен толық төлей аласыз, белгілі бір айға (көбіне 3, 6, 9, 12, 24 айға) бөліп төлесеңіз болады, болмаса бөліп төлейтін тәсіл қолайсыз болса шарттары сәл күрделірек, бәлкім мерзімі ұзағырақ болатын кредит рәсімдей аласыз. Онсыз да несиеге белшеге батып жүрген адам «кредитке» алғанды ұнатпайды. Ал бөліп төлеу десе, онымен бірге сыңар боп айтылатын «пайызсыз» деген сөз еске түсіп, көбінің осы тәсілге бүйрегі бұрады. Дегенмен түптің түбінде бөліп төлеудің де кредиттің бір түрі екенін есте ұстаған абзал. Әрине, несиедегідей еселеп қайтара қоймассыз. Дегенмен айырмашылығынан ұқсастығы әлдеқайда көп.
POS бөліп төлеу: неге кредитке ұқсас дейміз?
Бұл — кредиттің бір түрі. Қазір неге олай екенін тарқатамыз. Сіз ақысын бөліп төлеймін деп зат яки тауар алған кезде дүкен ол үшін банктен ақша алады. Бірақ ақысы толық көлемде емес, кредиторға тиесілі пайыз сомасымен бірдей болатындай жеңілдікті есепке ала отырып алынады. Бұл жерде клиент бір тиын да артық төлемейді. Яғни 300 000 теңгенің затын 6 айға бөліп алса, онда ол айына 50 000 теңгеден төлеп отырады. Клиент бастысы банкке тауар ақысын толық төлесе болғаны. Ал схемасы қандай?
- Дүкен бір не бірнеше банктен бөліп төлеу сервистерін қосады. Қазақстанда мұндай сервис ұсынатын банк аз емес.
- Сатып алатын адам тауарды таңдайды да, бағасы мен сомасы көңіліен шыққан жерден бөліп төлеуге аламын деп басады.
- Одан соң сатушы банкке сұраныс жібереді.
- Банк қарыз алғысы келіп тұрған адамның кредит тарихын тексеріп шығады да, жауабын айтады.
- Мақұлданса, клиент банкпен келісімшарт жасасады.
- Одан соң банк дүкенге тауардың ақысын аударады.
- Сөйтіп дүкен затты клиентке табыстайды.
- Затын алған соң қарыз алушы банк жасаған кесте бойынша ай сайын белгілі бір сома төлеп отырады.
Былай қарасаңыз, онсыз да белгілі мәліметтер секілді. Дегенмен банкпен арада жасалатын келісімшарттың кредит ретінде қарастырылатынына екпін түсіру керек. Яғни бөліп төлеуге зат не қызмет алған кезде сіз кредит шартына қол қоясыз. Ол дегеніміз — пайыз жүреді деген сөз. Бірақ клиент артық төлемейді. Өйткені пайыз бен негізгі қарыздың сомасы тауар құнына тең. Демек сатушы тауар не қызметті жеңілдікпен бергендей болады. Бірақ ол жеңілдік сатып алушыға емес, банкке жасалды деп есептей беріңіз. Сөйтіп екі арада осы жеңілдіктің сомасынан кредитор пайда көріп отырады. Бұл жерде қатысатын үш тарап бар десек, сол тараптардың қайсысы болсын ұтылмайды десек болады. Толық төлеуге ақшасы жетпей тұрған клиент тауарды дәл бөліп төлей алатын мүмкіндікке ие болады, банкке пайыздан пайда түсіп тұрады, дүкен тауарын жақсырақ сатып, пайдасын арттырады.
Кредитке берілетін бөліп төлеу тәсілін ірі сауда желілері де, маркетплейстер де ұсынады. Олардың атауы көбіне «0-0-24» не «0-0-12» деген сыңайда болады. Яғни алдыңғы екі 0 пайыз бен бастапқы жарнаны меңзесе, соңындағысы қанша айға бөліп беретінін білдіреді. Банктерден бөлек, шағын қаржы ұйымдарының да жасайтын бөліп төлеу сервистері бар. Ондағы схема шамамен банктердегідей. Тек ол кезде клиент кредит шартын емес, микрозайм келісімшартын жасасады.
Бөліп төлегеннің қандай ерекшеліктері бар?
Төлем кестесі. Келісімшартқа қол қойған кезде сатып алушы алған қарызды бекітілген кестеге сай, шартты орындап, уақытылы төлеймін деп «уәде береді». Яғни оның мойнына міндет артылады. Былайша айтқанда, кәдімгі кредит алғандағы міндеттен айнымайды. Бар болғаны мұнда сома қақ бөлінеді. Қазақстандағы бөліп төлеу сервистері ең ұзақ дегендей 2 жылға беріледі. Барлығында дерлік бастапқы жарна сұралмайды.
Уақытынан бұрын құтылуға қатысты. Мұнда да кредит жүйесіндегідей жасалады. Мерзімінен бұрып төлеп тастаймын десеңіз, ерік өзіңізде. Бар болғаны қанша сома қалғанын біліп алуыңыз керек. Мобайл банкиң қызметі жақсы дамығанын ескерсек, нақты соманы анықтау да қиынға соқпайды. Жауып тастау да оп-оңай. Бірақ кей банктердің ережесі бойынша мерзімінен бұрын жауып тастамас бұрын хабарлауыңыз керек болуы мүмкін. Болмаса, белгілі бір мерзімге дейін жапқаныңызға айыппұл салынуы да ғажап емес. Осы сынды шарттың бәрі келісімшартты анық жазылады. Ұсақ қаріппен жазылған сөзді түгел оқып шыққан абзал.
Кредит тарихына тигізетін әсері. Айтпақшы, бөліп төлеу де кредит дейтін себебіміз, сіздің банктерден рәсімдеген бөліп төлеуіңіз несие тарихыңызда кредит ретінде шығып тұрады. Яғни кредиторлар Бірінші кредиттік бюроға сіздің қарыз алғаныңыз туралы ақпаратты міндетті түрде жібереді. Егер мерзімінен кешіктіретін болсаңыз, оның бәрі кредит тарихында «самсап» тұрады. Кешіктірген күн саны көп болған сайын тарихыңызға таңба болары сөзсіз. Жалпы бөліп төлеуге зат алатын болып өтінім жібергенде банк кредит тарихыңызды шолып шығады. Егер ол жерде беделіңіз төмен болса, онда бермей қоюы ықтимал.
Бөліп төлеудің кредиттен қандай айырмашылығы бар?
POS-бөліп төлеу дегеніміз — банктің кәдімгі тұтынушы алатын кредит секілді ұсынатын өнімі. Тек аздаған ерекшелігі бар. Айталық, бөліп төлеуді банкке барып ала алмайсыз. Оны дүкенде не мобайл қолданба арқылы ғана рәсімдеуге болады. Әрі басты талабы — тауар алуыңыз керек. Яғни ол қолма-қол ақша ретінде берілмейді. Сіз қызмет не тауарды әлдебір сатушыдан аласыз. Сондықтан бөліп төлеудің таргет кредит десек болады. Ол белгілі бір мақсатқа алынады. Нақты бір дүкендегі нақты бір тауарды алуға ғана беріледі. Мысалы қарапайым тұтынушылық кредитке ақша алғанда сіз қалауыңызша құрта алатын болсаңыз, мұнда ондай жоқ. Бөліп төлеуге рәсімдегенде қолма-қол ақшалай алмайсыз. Банк сатушыға ақшасын аударады, ал ол сізге тауарды береді. Бірақ бұған дейін де айтқанымыздай, банкпен келісімшарт жасасқанда белгілі бір тауарды нақты бір мерзім ішінде қайтарамын деп уағдаласасыз.
Бөліп төлеуге зат не қызмет алғанда, кредитке қарағанда тезірек рәсімделеді. Мысалы, мобайл қолданба арқылы өтінім беретін болсаңыз, айналдырған бірнеше минутта жауабы белгілі болады. Ал енді банкке барып кредитке өтініш берсеңіз, ол сәл ұзағырақ уақыт алуы мүмкін. Оған қоса, сізге кепіл болатын адам, кепілге қоятын мүлік сұрап қалуы ғажап емес. Дүкенге барып бөліп төлеуге зат алатын болсаңыз да, сізден жеке куәлік қана сұрайды.
Кредиттен тағы бір айырмашылығы — сомасы мен мерзімінде. Көбіне бөліп төлеуге алатын тауардың дені электроника, тұрмыстық техника, жиһаз, онлайн курстар екені белгілі. Сомасы да 500 000-1 000 000 теңгеден аса қоймайды. Ал тұтынушылық кредиттер болса, одан көбірек сомаға рәсімделеді. Сондықтан қарастыратын уақыт, құжат сәйкесінше көптеу болады. Әйтсе де, кредит тарихы екі жағдайда да қарастырылатынын ескерсек, екеуінде де бермей қоюы әбден мүмкін. Соның ішінде сомасы қымбат болса, ай сайынғы төлемі көп шықса, банк тарапынан қарыз алушының төлей алатынына сенімсіздік туады.
Кепілге зат қоймайсыз. Кей банктер кредит беретін кезде кепіл болғанын міндеттейді. Мысалы, астыңыздағы көлікті кепілге қоюыңызды сұрауы мүмкін. Неге олай етеді? Өйткені алып отырған қарызыңызды қайтаратыныңызға сенімді болуы үшін істейді. Егер төлемей қойсаңыз, әлгі кепілге қойған затты тартып алуға құқылы. Бөліп төлеу де кредиттің бір түрі дегенімізбен, мұнда сатып алған тауарға кепіл қоюыңызды сұрамайды. Яғни iPhone алсаңыз, дүкен қолыңызға табыстаған сәттен бастап алаңсыз қолдана бересіз. Оны ешкім тартып алмайды. Ал автокредитке алынған машина ақысын толық төлемейінше банктің меншігіндегі дүние болады. Айырмашылығы осында жатыр.
Артық төлемейсіз. Мұны жарнама ретінде екпін түсіріп жиі айтатындықтан, бұдан онсыз да хабардар болсаңыз керек. Кредитке қарағанда тиімді болатын басты артықшылығы және айырмашылығы — осы. Келісімшартта мерзімінен кешіктірсе пайыз төлейді деген жері бар, әрине. Бірақ банкке әу баста жеңілдікпен берілгендіктен, пайызды қосқандағы сома дүкендегі тауар құнынан асып кетпейді.
Бөліп төлеуге арналған карталар
Кей дүкендерде осындай арнайы карталар ұсынады. Егер белгілі бір дүкенге жиі барып, зат алатын болсаңыз, қолдануға ыңғайлы. Бұл да дәл POS бөліп төлеуге ұқсайды. Бірақ айырмашылығы сол — сатып аларда банктің мақұлдағанын күтіп отырмайсыз. Схемасы мынадай: кредитор клиентке алдын-ала белгілі бір сомаға затты емін-еркін алуға рұқсат беріп қояды. Айталық, картада 200 000 теңге үнемі тұрады. Сол сома шегінде зат ала аласыз. Бірақ кез келген жерде қолдануға мүмкіндік жоқ. Сіз алайын деп тұрған затты сататын жер банкіңіздің серіктесі болуы керек. Сонда ғана әлгі картамен төлеп кете бересіз. Мұндай карталардың физикалық түрі де, мобайл банкиңдегі QR-код түріндегісі де болады. Кредит карталар секілді жұмыс істейді. Бірақ бастысы мұнда пайызбен емес, белгілі бір айға дәл бөліп төлейсіз. Кредит картамен қалаған жерде төлеп жүре бересіз, қолма-қол ақша қылып банкоматтан шешіп ала аласыз, ал бөліп төлейтін картаны серіктестерге ғана қолдануға рұқсат.
Тобықтай түйін
Бөліп төлеу — клиенттің тауар ақысын бірден төлемей, бірнеше айға пайызсыз төлеуге мүмкіндік беретін тәсіл. Оның мерзімін әр банк өзі белгілейді. Көбіне 3, 6, 12,24 айға бөліп береді. Дүкендермен серіктесіп жұмыс істейтін банктер клиенттерге бөліп төлеуге зат сатып алуға мүмкіндік береді. Яғни банк сатушыға ақша аударады да, клиент кредит шартына сәйкес, кесте бойынша ай сайын төлеп отырады. Бұл жерде сатып алушы артық төлемейді. Қарыз сомасы сатып алған тауар сомасына тең. Бар болғаны дүкен банкке шарттағы пайыз сомасымен бірдей болатындай есеппен жеңілдік жасайды. Бөліп төлейтін тәсіл сатып алатын адамға ыңғайлы. Өйткені ол тауарды бірде алады да, ақысын біртіндеп кейінірек төлейді.
Жаңа ноутбук алу үшін айлап ақша жинап жүрмейді. Бірақ осы артықшылығы кейде клиентке кесір болып жатады. Өйткені импульспен, ойланбастан тауар алып тастап, кейін төлей алмай дал болып жүретіндер аз емес. Егер ойланып, акция кезінде тиімді бағаға алып үлгерсе, тұрақты табысы болса, жақсы. Десе де, кредиттің үстіне кредит қосып, соңғы үлгідегі смартфон алуға құмар адамдарды бөліп төлеу тәсілі тығырыққа тірейтінін ескеру қажет. Егер қаржылық сауаты жоғары адам болса, онда ол барлығын екшеп, таразыға салып барып алады. Отбасылық бюджетті шамадан тыс жүктемейтін жоспар жасайды. Алдын-ала бір жылдық қаржы жоспарын жасап жүретіндер адамдарға бұл әдіс қолайлы болуы мүмкін. Бірақ ойланбай, түн ішінде эмоциямен зат ала салатындар онша қызықпағаны жөн. Себебі бөліп төлеу — кредиттің бір түрі. Бер жағында пайызсыз дегенімен, кешіктірген жағдайда пайыз барын естен шығармауыңыз қажет.