Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2024 жылға арналған бюджет кірісінің жоспарланған көрсеткішке жетпеу себебін түсіндірді. Министр мұнай өндіру көлемі болжамдардың орындалмауы және энергетикалық ресурстар негізгі фактор екенін айтады.
«Ағымдағы жылға арналған бюджеттің жоспары орындалмады. Біз 95 миллион тонна мұнай өндіруге үміттенген едік, алайда шын мәнінде 89,5 миллион тонна өндірілді. Бұл айтарлықтай ауытқу болып, бюджет кірістеріне әсер етті», — деді министр.
Сонымен қатар, бастапқыда мұнайдың орташа бағасы баррелі үшін 80 доллар деп болжанған еді, бірақ нарықтың құбылмалылығы көрсеткіштердің өзгеруіне әкелді. Бір жыл ішінде бағалар барреліне 71 мен 83 доллар аралығында ауытқып отырды.
Тәкиев металл нарығындағы құлдырау мен тауарларды экспорттау үшін логистикалық маршруттардың ұзартылуы да мемлекеттік қазынаға түсетін кірістерге теріс әсер еткенін атап өтті.
«Жалпы алғанда, барлық осы факторлар бюджет кірістерінің жоспарланған көрсеткіштерге жетпей қалуға әкелді», — деп қорытындылады министр.
Айта кетейік, Қаржы министрлігі 2024 жылғы республикалық бюджетті қайта қарады. Соған сәйкес, биыл бюджет кірісі жоспардан 2 трлн теңгеге кем түспек. Нақтыланған цифрларға сәйкес, республикалық бюджеттің жалпы кірісі – 20,2 трлн теңге, шығысы – 23,4 трлн теңге деп бекітіледі.
Бюджет кірісінің азаюына не себеп?
2024 жылы бюджет кірісінің азаюына бірнеше себеп көрсетілген. Атап айтқанда, бюджетттен қайтарылатын ҚҚС сомасы артқан. Биыл артық төленген 594,8 млрд теңге қосымша құн салығы қайтарылмақ. Тағы бір себеп – мұнай өндірісінің қысқаруы. Бұған дейін Қазақстан 2024 жылы 95,4 млн тонна мұнай өндіреді деп жоспарлағанымен, нақты шығарылатын мұнай көлемі 90,3 млн тоннаны құрамақ. Яғни биыл мұнай өндірісінен бюджетке 193 млрд теңге кем түседі.
Үшіншіден биыл сыртқы сауда айналымы 5,6 пайызға төмендеп, одан түсетін түсім 215 млрд теңгеге кем қалыптасқан. Одан бөлек, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде бюджетке түскен түсім есебін нақтылағанда, 2 трлн теңгеге кеміген.
Есесіне бюджет кірісі дивиденд пен мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісі есебінен – 1 трлн теңгеге, ал әкімшілік айыппұл есебінен 31,4 млрд теңгеге артқан.
Корпоративтік табыс салығы бойынша болжам 9 айындағы есептерді нақтылау есебінен 1,1 трлн теңгеге азайып, 3,6 трлн теңгені құрады. ҚҚС-қа қатысты болжамы 1,5 трлн теңгеге – 5,8 трлн теңгеге дейін азайды.