Тоқаев Владимир Путинді Астана әуежайынан қарсы алды
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді Астана әуежайынан күтіп алды. Ресей басшысы бүгін, 27 қарашада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Мәртебелі қонақты күтіп алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді. Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті және Владимир Путин бастаған Ресей делегациясына ілтипат білдіріп, өлең оқыды,- деп хабарлады Ақорда.
Сондай-ақ Президенттің құрметіне ҚР Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары Ресей туымен түстес ақ, көк, қызыл жолақ із қалдырып, елорда аспанында ұшып өтті.
Бұдан кейін кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы (Ассоль) Владимир Путин Астанаға ұшқан сәтте сала бастаған картинасын таныстырды. Ол сондай-ақ мемлекеттер басшыларына полотноны жазуға үлес қосуды ұсынды. Картина Ресей Президентіне сапар соңында сыйға тартылады.
Содан кейін мемлекет басшылары салтанатты қарсы алу рәсімі үшін Ақордаға бағыт алды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин резиденцияға кіріп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Салтанатты рәсімнен кейін екі мемлекет басшысы келіссөз залына өтті.
Айта кетейік, 28 қарашада Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ сессиясы өтеді.
Еске салсақ, осыған дейін «Курсив» Астана әуежайында Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алуға арналған баннерлер пайда болғаны жайлы жазған еді. Онда «Мәртебелі, Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!» деп жазылған. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров «мәртебелі» сөзін қолданудың себебін түсіндірді.
Смадияровтың айтуынша, мұндай сөз тіркесі сапардың мәртебесіне байланысты айтылады. Владимир Путиннің Қазақстанға сапары ресми емес, мәртебесі одан жоғарырақ мемлекеттік сапар болады. Мемлекеттік сапар кезінде бұл сөз тіркесі қолданылады. Бұл бүкіл әлемде бар практика.