Жаңалықтар

Сауда министрі жұмыртқа бағасына қатысты қазақстандықтардың шағымына жауап берді

яйца
Астанада он жұмыртқаның орташа құны 609 теңге/ Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Жұмыртқа бағасы бір апта ішінде 0,1%-ға өсіп, он данасы орта есеппен 540 теңгені құрады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең арзан С1 санатындағы жұмыртқалар Петропавлда, ал ең қымбаты елордада тіркеліп отыр.

 «Бүгінгі таңда сауда сөрелеріндегі С1 санатындағы он жұмыртқаның орташа бағасы 540 теңгені құрайды. Жұмыртқалардың бағасы аймаққа байланысты әртүрлі болады. Елордада С1 санатындағы жұмыртқаның орташа бағасы 609 теңге болса, ең төменгі баға Петропавлда тіркелген — 462 теңге», – делінген хабарламада.

Бюро мәліметінше, елдегі базарлар мен дүкендерде жұмыртқаның он данасы 435 теңгеден (Ұлытау облысында, 30 даналық лоток) бастап, сауда үстемесін ескергенде 540–600 теңге аралығында сатылуда.

Сауда және интеграция министрлігі жыл басынан бері жұмыртқа бағасының негізсіз қымбаттауына байланысты 197 жағдай анықталғанын хабарлады.

Мәжіліс кулуарында Арман Шаққалиев те жұмыртқа бағасына қатысты өз пікірін білдірді. Ол осыған дейін қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың өзінің «он жұмыртқа 535 теңге тұрады» деген сөзін теріске шығарғанына қатысты өз ойын айтты. Министрдің айтуынша, өзі мәлімдеген әлеуметтік маңызы бар С1 арзан жұмыртқа Small сауда желісінде жұмсақ қаптамада сатылып жатыр.

«Ал премиалдық қаптамадағы С0 жұмыртқаны түсіріп, “өтірік айтады» деуге болмайды. Аргентиналық импорттық жұмыртқаны алып, «көрдіңіз бе, қымбат» деп айта салуға болады. Сондықтан 540 теңге бұл республика бойынша орташа баға”, – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Министр үнемі орташа республикалық индекстер алынатынын, ең жоғарғы көрсеткіштер есептелмейтінін айтады.

«Сол себепті баға жайында сұрақ туындағанда, біз республика бойынша айтып отырмыз. Жеке қалалардағы жағдай әртүрлі және бұл қалыпты нәрсе.  Мысалы, Алматы мен Астанада – қымбат, ал елдің оңтүстігі мен солтүстігінде – арзан. Астанадағы Small-да мұндай бағалар бар, олардың мекенжайлары да бар. Ақпарат берілді, ол көпшілік үшін арзан», – деп түсіндірді Шакқалиев.

Айта кетейік, Қазақстанда инфляция қарқын алды. Осыдан біршама азық-түлік бағасы қымбаттады. Мәселен, қиярдың құны бірден – 27,6%-ға, қызанақ – 27%, темекі өнімдері – 15,8%, минералды және ауыз су – 14,1%, картоп – 13,9%, кондитерлік өнімдер – 12,6%, салқындатылған сусындар – 11,4%, жеміс және көкөніс шырындары – 10,4%, жұмыртқа бағасы 9,4% артты.