АҚШ-тағы жеке тұтыну шығындары соңғы үш ай бойы бір деңгейде сақталып отыр. Бұл Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігін шектейді. JPMorgan сарапшылары Қытайдан келетін импортқа 60%-дық баж салығы енгізілетініне сенімді. Бұл Қытай билігін юаньды девальвациялауға мәжбүр етеді. Осы және өзге де тақырыптар туралы 27 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан оқи аласыздар.
АҚШ-тағы инфляция өзгерген жоқ
26 қараша күні қор нарығы АҚШ-тың қазан айындағы жеке тұтыну шығындары (PCE) деректерімен танысты. Бұл көрсеткіш – ФРЖ үшін мөлшерлемені реттейтін негізгі көрсеткіш. Қазан айында PCE индексі айлық мәнде 0,3%-ға, ал жылдық мәнде 2,8%-ға өсті.
Yahoo Finances-тің хабарлауынша, сарапшылар дәл осындай көрсеткіштерді күткен. Яғни алдыңғы айдағы деңгеймен шамалас. Бұл индекстің 2%-дық мақсатты деңгейге жету қарқынының баяулағанын және инфляцияның «тұрақты» болып қалғанын көрсетеді.
S&P Global Ratings-тің бас экономисі Пол Грюнвальдтың айтуынша, мұндай жағдайда ФРЖ мөлшерлемені төмендетуге асықпайды. Инфляцияның тұрақтылығын қазан айындағы тұтынушылық баға индексінің (CPI) деректері де растайды. CPI жылдық көрсеткіш бойынша үшінші ай қатарынан 3,3%-ды құрап отыр.
Екі апта бұрын ФРЖ басқарушылар кеңесінің мүшесі Мишель Боуман инфляцияны 2%-ға жеткізу жолындағы прогрестің «тоқырап қалғанына» алаңдаушылық білдірген-ді. Оның пікірінше, мөлшерлемелерді төмендетуде «сақтықпен» әрекет ету қажет.
Соған қарамастан, кеше нарықтар ФРЖ-ның желтоқсан айындағы отырысында мөлшерлемені төмендету ықтималдығын шамамен 67% деп бағалаған.
Уолл-стриттегі негізгі индекстер төмендеді
27 қараша күні Уолл-стриттегі негізгі индекстер төмендеді. Әсіресе, NASDAQ индекстері қатты құлдырады. Себебі технологиялық компанияларға инвестиция салушылар монетарлық саясаттың біртіндеп жұмсаруынан компания табысының азаюын күтіп отыр. Dow 0,31%-ға, S&P 500 0,38%-ға, ал NASDAQ 0,59%-ға төмендеді.
Негізінен Nvidia және Microsoft сияқты аса ірі капиталдандырылған компаниялар акцияларының құлдырауы көңіл-күйге әсер етті. Бұлардың акциялары сәйкесінше 1,15% және 0,17%-ға арзандады. PHLX Semiconductor Sector жартылай өткізгіштер индексі соңғы екі айдағы ең төменгі деңгейіне жетіп, 1,52%-ға құлдырады. Ал Reuters-тің хабарлауынша, Dell компаниясының акциялары тоқсандық нашар болжамдар аясында 12,25%-ға кеміген.
Сәрсенбі, 27 қарашада, АҚШ бойынша басқа да маңызды экономикалық деректер жарияланды. Мәселен, үшінші тоқсандағы елдің ЖІӨ өсімі 2,8%-ды құрады, ал жұмыссыздық бойынша апта сайынғы өтінімдер қайтадан азайды. Бұл желтоқсан айында ФРЖ мөлшерлемені тағы да төмендетуі мүмкін деген болжамдарға негіз болмақ.
Нуриэль Рубини: АҚШ-тың ұзақ мерзімді облигацияларының кірістілігі өседі
Белгілі америкалық экономист Нуриэль Рубинидің пікірінше, АҚШ-тың ұзақ мерзімді облигацияларының кірістілігі артуы мүмкін. Себебі Дональд Трамптың экономикалық бағдарламасы, оның ішінде ақша-несие саясатын жұмсарту және баж салығын көтеру шаралары баға тұрақтылығын әлсіретуі мүмкін деп хабарлады Bloomberg.
«Орташа инфляция 5%-ға жетуі мүмкін, бұл облигациялардың кірістілігін қазіргі 4%-дан 7-8%-ға дейін көтереді», – дейді Рубини. Оның айтуынша, бұл жағдай қазыналық облигацияларды «үлкен баға тәуекелдеріне» ұшыратуы мүмкін.
Айта кетейік, Рубини 2008 жылғы дағдарыстың болатынын алдын ала болжаған. Қазіргі уақытта инфляция күшейген жағдайда дәстүрлі инвестициялық стратегиялар тиімсіз болатынын айтып отыр. Оның болжамынша, Трамптың импортқа баж салығын арттыру және миграцияға қарсы күреске бағытталған жоспарлары жүзеге асса, АҚШ-тағы ұзақ мерзімді қазыналық облигациялар тиімділігін жоғалтады.
Трамптың сауда саясаты Қытай юанын 10–15%-ға әлсіретуі мүмкін
Bloomberg-тің хабарлауынша, JPMorgan Chase-тің мәліметі бойынша, Дональд Трамптың сауда саясаты Қытай юанының 10-15%-ға құнсыздануына әкелуі мүмкін. Бұл болжам Трамп президент болған жағдайда «сауда соғысы» басталатынына негізделген.
JPMorgan-ның бас экономисі Джахангир Азиз бастаған сарапшылар тобы баж салығын енгізудің ең үлкен соққысын дамушы нарықтар, әсіресе Қытай сезінеді дейді. Олар Қытай тауарларына салынатын баж салығы 60%-ды құрайтынына сенімді. Соның салдарынан Қытайдың экономикалық өсімі 2024 жылы 4,8%-дан 3,9%-ға дейін баяулайды.
Сонымен бірге юаньның 10-15%-ға құнсыздануы баж салықтарын толық өтей алмайды.
JPMorgan болжамы бойынша, алдағы сауда соққысы дамушы нарықтардың өсу қарқынын 2025 жылға қарай 4,1%-дан 3,4%-ға дейін баяулатады. Бұдан Азияның өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспорттайтын елдері мен Мексика зардап шегеді.
Бұл болжам Bank of America-ның дамушы нарықтарға қатысты бірқатар пессимистік пікірлерімен сәйкес келеді. Олар инвесторлардың Трамп президент болған жағдайда сауда соғысы қаупін толық бағаламайтынын ескерткен болатын. Сарапшылар 2025 жылдың бірінші жартысында дамушы нарықтар валюталарының орта есеппен 5%-ға құнсызданатынын болжайды.