Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» Ресейдің Болгариядағы мұнай өңдеу зауытына қызығушылық танытып отырған жоқ

Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ресейлік «Лукойл Нефтохим Бургас» мұнай өңдеу зауытын сатып алуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл зауыт Болгариядағы Қара теңіз жағалауында орналасқан. Бұған дейін Financial Times басылымы қазақстандық мұнай компаниясының әлеуетті инвесторлар тізіміне енгенін жазған.

«Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» АҚ Болгариядағы мұнай өңдеу зауытын сатып алуды қарастырып жатқан жоқ», – деп мәлімдеді ҚМГ баспасөз қызметі «Курсив» басылымының сұрауына жауап ретінде.

Қараша айының басында Financial Times жағдаймен таныс дереккөздерге сілтеме жасап, ҚМГ әлеуетті үміткерлер тізімінде екенін жазды. Зауытты сатып алуға қызығушылық танытқандар қатарында Әзірбайжанның Socar мемлекеттік энергетикалық компаниясы және түріктің Opet мұнай тобы да бар. Басылымның дереккөздері кемінде алты топтың зауытты сатып алуға қызығушылық білдіргенін хабарлаған.

Болгарияның Бургас қаласындағы «Лукойл» мұнай өңдеу зауытын сатып алуға ең әлеуетті үміткер ретінде – катарлық Oryx Global компаниясы мен британдық DL Hudson сауда үйі кіретін консорциумының аты аталды. Financial Times ресейлік мұнай компаниясы басшылығы президент әкімшілігіне жіберген хатқа сілтеме жасап, келісімді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланғанын жазды.

Кейінірек Болгариядағы мұнай өңдеу зауытының иесі LITASCO SA («Лукойлдың» еншілес компаниясы) ресейлік «Интерфакс» басылымына берген түсініктемесінде британ-қатарлық консорциуммен келіссөз жүріп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Компания бұл мәселе бойынша ешқандай келіссөз жүргізілмегенін мәлімдеді. Дегенмен, LITASCO SA Болгариядағы бизнесіне қатысты түрлі нұсқаларды, соның ішінде оны сату мәселесі талқылап жатқанын айтқан. Бірақ нақты шешім әлі қабылданбағанын атап өтті.

МӨЗ-ді сату туралы әңгіме Еуроодаққа Ресей мұнайының импортына салынған тыйым Болгариядағы «Лукойл» жұмысын қиындатқанын соң шыққан. Ел үкіметі 2024 жылдың наурызынан ресейлік мұнайдан бас тарту туралы шешім қабылдады, ал қаңтардан бері ресейлік мұнайдан жасалған мұнай өнімдерінің экспортына шектеу қойылды. Сонымен қатар, Болгария компанияға нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланғаны үшін шамамен 90 млн еуро айыппұл салумен қатар, пайда салығын 60%-ға дейін көбейтті. Компания сатылса, бұл салық 15%-ға дейін төмендейді. FT мәліметінше, Болгария НАТО мен ЕО құрамында болғандықтан, «Лукойлды» нарықтан кетуге мәжбүрлеу үшін қысым жасап отыр.

«ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы еншілес компаниясы Rompetrol Rafinare де салық мәселесімен бетпе-бет келмек. Бұл елде айналымның салық мөлшерлемесін көтеру жоспарланып жатыр. Компания дайындалып жатқан заң жобасын ескеретінін мәлімдеді.

2023 жылы «ҚазМұнайГаз» Румыния бюджетін 791,7 миллиард теңгемен толықтырған, бұл – Қазақстандағы 686,8 миллиард теңгемен салыстырғанда жоғары. Сонымен қатар, ҚМГ-ның румындық еншілес компаниясы – Rompetrol Rafinare Румынияның ең ірі салық төлеушілерінің қатарында қалып отыр: 2024 жылдың алғашқы 9 айында 1,12 миллиард доллар салық төлеген.