Банк пен қаржы

Әлемдік нарықтағы уран бағасы «Қазатомнеркәсіп» атом компаниясының еселеп пайда табуына ықпал етті

Фото: Қазатомөнеркәсіп

Әлемдік нарықта уран бағасының қымбаттауы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы табысының еселеп артуына әсер еткен. Уран биыл 38%-ға қымбаттады. Нәтижесінде ұлттық компания 2024 жылдың 9 айында 744,7 млрд теңге таза пайда көрген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінде тапқан 300,1 млрд теңге пайдадан 150% артық.

9 айда компания түсімі 1,13 трлн теңгені құраған. Бұл былтыр қаңтар-қыркүйек айларындағы 864,6 млрд теңге түсімнен 31,7%-ға жоғары. Түсім мен таза пайдасының артуына уран сатудан түскен миллиардтар мен «Буденовкое» кен орнын иеленуі ықпал еткен. Атом компаниясы аталмыш кен орынын биыл жыл басынан иелене бастады. Болжам бойынша, кен орнында 114 мың тонна уран қоры қордаланған. Стратегиялық актив үшін компания ешқандай ақша төлемеген.

Қаңтар-қыркүйек айларында компания жалы 927,3 млрд теңгенің уранын сатқан. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен төрттен бір есе жоғары. Ал байытылған уранды сатудан 120,3 млрд теңге түсім түсті. Бұл былтырғы 9 айдағы 44,8 млрд теңгемен салыстырғанда 3 еседей көп.

2024 жылдың 9 айында табиғи уранның орташа бағасы 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға қымбаттады. Былтыр орташа баға 48,30 долларды құраса, биыл 66,81 АҚШ долларына тең. Бұл уранның нарықтық (споттық) бағасының өсуіне байланысты.

«Компанияның кейбір ұзақ мерзімді келісім-шарттарында бекітілген баға компоненті, соның ішінде бағалық шектеулер бар, олар салыстырмалы түрде төмен споттық бағалар жағдайында қалыптасқан. Сондықтан 2024 жылдың 9 айында компанияның табиғи уранды сатудан түскен орташа бағасының өсуі споттық нарықтағы уран бағасының өсуінен төмен болды», – делінген қаржы есебінде.

Компания 9 айда 12206 тонна шикізат сатқан. Табиғи уран былтырғы көрсеткіштен 5 пайыз аз сатылды. Дегенмен сату көлемінің азаюын уран бағасының өсімі жауып кеткен. U3O8 өндірісі 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 16 751 тоннаны құрады. Уран өндірісі 8 939 тоннаға тең.

Компания өнімі негізінен Қытай, Қазақстан мен Франция, АҚШ, Ресей, Канада мен Ұлыбританияға сатылған. 9 айда Қытай Қазақстаннан 540 млрд теңгегің шикізатын сатып алған. Ал ішкі нарыққа 170 млрд теңгенің ураны сатылды. АҚШ-қа 110,8 млрд теңгенің ураны өткізілді.