Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және CEO-сы Тимур Турлов Словакияның Forbes журналына берген сұхбатында финтех-топтың Еуроодақта жұмыс істеу үшін банк лицензиясын алуға бір табан жақын қалғанын мәлімдеді.
Турловтың айтуынша, компания Қазақстанда қол жеткізген технологиялар мен клиенттік базасын пайдаланып, Еуроодақ нарығында табысты жұмыс істей алады.
«Біз сондай-ақ сақтандыру және коммерциялық қызметті дамытуды жоспарлап отырмыз. Мұны қазірдің өзінде Қазақстанда жүзеге асырып жатырмыз. Сонымен қатар суперқосымша жасау ойымызда бар», – деді ол.
Турлов қазіргі уақытта британдық Revolut финтех-компаниясы да суперқосымша жасауға тырысып жатқанын атап өтті. Алайда Еуропа нарығы Freedom Holding Corp. үшін үлкен әлеуетке ие екеніне сенімді.
«16 жыл бұрын біз Freedom24-ті [биржалық сервис] құрған кезде, ешқандай беделіміз болған жоқ. Туған қаламызда да бізді ешкім танымайтын. Ал қазір бізді Уолл-стрит таниды», – деді Турлов.
Оның айтуынша, егер холдинг Украинмен соғыс басталғалы Ресейде қалса, оны АҚШ-тағы ашық компания ретінде дамыту қиын болар еді.
«Қазақстанның саясаты Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда жақсы, әсіресе, экономикалық еркіндік тұрғысынан», – деп атап өтті кәсіпкер.
Холдингтің бас директоры Freedom экожүйесінің заңгерлер тобы Еуропадағы банкті сатып алу үшін бүкіл қажет рұқсатты алумен айналысып жатқанын айтты. Компанияның нақты қай банкті сатып алғысы келетіні әзірге белгісіз, бірақ Турловтың айтуынша, бұл процесте рұқсаттар банктің өзінен де маңызды.
«Еуропада бизнес жүргізу мақсатына жету оңай емес, алайда табатын табыс әлемнің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлерді Еуропа нарығына кіруге ынталандыруға жеткілікті», – деді ол.
Сонымен қатар Турлов Freedom Holding Corp. Орталық Азиядан шыққан алғашқы компания болып, Еуропада жұмыс істеуге рұқсат алуы мүмкін екенін атап өтті.