Доллар саудасы күрт артты
27 қараша күнгі қорытынды бойынша валюта нарығында 1 (АҚШ) доллардың құны 502,45 теңге бағамында жабылды. Бұл – 2022 жылдың 25 наурызынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ал айырбас орталықтарында және екінші деңгейлі банктерде бір доллардың құны 510 теңге бағамына дейін саудаланды.
Айта кетейік кешегі валюта нарығындағы доллар саудасының көлемі 455,4 млн доллар болып, соңғы 2 жылдағы ең максималды деңгейге жетті. Әдетте валюта нарығында доллардың сауда көлемі күніне шамамен 210-250 млн доллар.
Теңге неліктен құнын жоғалтуда?
Басты себеп – Ресей рублі. Ресей рублі соңғы бір аптада 12,47%-ға құнсызданып, бейсенбі, 28 қараша күні сағат 11:14-дегі жағдай бойынша 1 АҚШ доллардың құны 113,1 рубльге бағаланып отыр. Ал біздегі көптеген айырбас пункттерінде осы уақытта доллардың құны 517,5 теңгеге сатылуда.
Ресейлік валюта осылайша соңғы он күнде өзге валюталарға қатысты құнын жоғалтып жатыр. Еске сала кетейік, санкция салдарынан Ресейде маусым айынан бастап мәскеулік биржада (USD, EUR) доллар мен еуро саудалануға тыйым салынған. Содан бері доллардың құны банк арқылы анықталатын болды. Соңғы санкцияларға байланысты ресейлік банктерге салынған санкциялар саны артып, бұл өз кезегінде валюта тапшылығына алып келуде.
Қазақстан Ресеймен экономикалық тығыз байланысы ұлттық валютаның ресейлік валютаға өзара байланысын әрі тәуелділігіне алып келуде. Яғни рубль құнсызданса, бұл теңгеге әсер етуде. Сондықтан теңге руль ізімен бірге құнсыздауда. Қазіргі уақытта екі валютаның өзара байланысы айтарлықтай сезіледі.
Бас банк теңгенің құнсыздануын ауыздықтай ма?
Осыдан бірнеше күн бұрын ҰБ төрағасының орынбасары теңгенің құлдырауы тоқтамаса Ұлттық банктің интервенцияға баруын растаған болатын. ҰБ алтын валюталық қоры арқылы валюта нарығына араласып, теңге бағамына айтарлықтай әсер ете алады. Биылғы жылдың қазан айындағы жағдай бойынша ҰБ-ның халықаралық қоры 45,9 млрд АҚШ долларын құрайды. Егер құбылмалдылық жалғаса берсе, бас банк алдағы күндері интервенция жасауы әбден мүмкін.