2025 жылы Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әскери зымырандарды ұшырып, сынақтан өткізбейді. Келері жылы Ресей тарапы 9 зымыран ұшыруды жоспарлаған, бірақ олардың барлығы азаматтық мақсатта жүзеге асырылатын болады.
Ресей тарапы дипломатиялық арналар арқылы «2025 жылға арналған Ғарыш аппараттарын ұшыру жоспарын» тапсырды. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі ұсынылған жоспарда әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшыру, сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтан өткізу жоспары жоқ екенін хабарлады», – делінген хабарламада.
Жоспарға сәйкес жобаны іске қосу үш бағдарлама аясында өтеді:
- «Ресейдің ғарыш қызметі» мемлекеттік бағдарламасы;
- Халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары;
- Коммерциялық жобалар.
Келісім бойынша Ресей тарапы жыл сайын 30 қарашадан кешіктірмей Қазақстанға ғарыш аппараттарын ұшыру және ғарыш айлағынан зымырандарды сынау жоспарын ұсынуға міндетті.
Зымырандарды сынақтан өткізу дегеніміз ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің қорғаныс және қауіпсіздік мүддесінде, оның ішінде ілеспе пайдалы жүктемені іске қосу кезінде құрлықаралық баллистикалық зымырандарды ұшыру деп түсіндіріледі.
Осыған дейін Қазақстан «Байқоңырды» Ресейге жалға беруден қанша пайда тапқаны туралы жазған едік.