Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы халықаралық +7 телефон коды аясында нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
Келісімге сәйкес, нөмірлеу аймағы төмендегідей бөлінді:
Қазақстан: +7 0, +7 6, +7 7 кодтарын пайдаланады.
Ресей: +7 2, +7 3, +7 4, +7 5, +7 9 кодтарын иеленді.
Еске сала кетейік, 2021 жылы Қазақстан жеке халықаралық код алу үшін +997 кодын резервке қойған болатын. Алайда байланыс операторларымен бұл кодқа көшу мүмкіндігі талқыланғанда, бірнеше қаржылық және технологиялық қиындықтар анықталды.
Бұған дейін, министр Жаслан Мадиев көшу барысында бірнеше қиындықтар туындауы мүмкін екенін айтқан еді. Министрдің айтуынша, абоненттердің деректерін мемлекеттік және банктік қызметтер үшін жаңарту қажеттілігі. Әлеуметтік желілер мен қосымшаларды қайта тіркеу сияқты қиындықтар туындауы мүмкін.
Осыған байланысты, Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықаралық электр байланысы одағымен келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын сақтап қалу туралы шешім қабылдады.