Жаңалықтар

Түркістан облысындағы ауызсу тапшылығын жою үшін 100 жоба жүзеге асырылады, соның үшеуіне 33 млрд теңге жұмсалмақшы

Түркістан облысындағы елдімекендерде ауызсу тапшылығын жоюға бағытталған 3 ірі жобаға 33 млрд теңге жұмсалады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Түркістан облысы ауызсу тапшылығы жоғары аймақ саналады. Себебі өңірге су негізінен трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Бұл мәселені шешуге 2025-2026 жылдары шамамен 33 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалмақшы. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты.

«Бізде су мәселесі ең өзекті. Өңірдегі 807 елдімекеннің 70-інде орталықтандырылған су құбыры жоқ. Биыл 30 елдімекенді орталықтандырылған су құбырына қосамыз. 40 елдімекенді сумен қамту 2025 жылға қалады. Жалпы өңірде сумен қамтуға қатысты 100-ге жуық жоба жүзеге асырылмақшы», – деді әкім.

Сол жобалардың ішінде Сарыағаш және Келес аудандарын ауызсумен қамту мәселесі тұрғанын айтты. Әкімнің мәліметінше, бұл өңірлерде жер асты сулары жоқ. Ауызсу Өзбекстаннан бұрынғы канал арқылы келеді. Алайда тұтынушылар санының артуына байланысты құбырдың қуаты төмендеген. Су Сарыағаш ауданына жеткенімен, Келес ауданының тұрғындарын толық қамти алмайды. Осының салдарынан Келес ауданынадағы 56 елдімекен кестемен су алып келген.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәселені шешу үшін құбырды кеңейту жобасын жүзеге асырады. Жоба әзірленіп жатыр. Министрлік келесі жылы бюджетке ұсыныс беруді жоспарлап отыр»,– деді әкім.

Бұл жоба министрліктің қаржыландыруымен жүзеге аспақшы. Сонымен бірге Келес ауданын Өзбекстаннан келетін Зах каналы арқылы сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жоба әзірленген. Оның құны 8 млрд теңгені құрайды.

«Осы екі жоба жүзеге асса, екі ауданда ауызсу мәселесі толық шешіледі»,- деді Дархан Сатыбалды.

Одан бөлек Шардара қаласының халқының ауызсу мәселесі тұр. Бұл елдімекенге де су трансшекаралық өзеннен келетіндіктен, су деңгейі 1 млрд текше метрден төмендеп кетсе, өңірде ауызсу тапшылығы орнайды.

«Бұл мәселені шешу үшін Тама-Тастамақ деген жерасты суынан ауызсу тарту көзделіп отыр. Оның құрылысы басталып та кетті. Жоба 2025 жылғы бюджеттік жоспарда қолдау тапты. Жоба құны 16 млрд теңгені құрайды»,– деді әкім.

Сонымен бірге Дархан Сатыбалды Қазақстанның ең үлкен ауылы саналатын 61 мың адам тұратын Қарабұлақ елдмекенінде ауызсу мәселесі шешілмегенін, ауылдың орталықтандырылған су құбырына қосылмағанын айтты. Елдімекенде ауызсу мәселесін шешу үшін 9 млрд теңгенің жобасы әзірленіп, құрылысы басталып кеткенін айтты.

Әкім ауызсу инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталып кеткеніне тоқталды. Алайда әр жобаның нақты қай уақытта аяқталып, қашан пайдалануға берілетінін нақтыламады.