АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украинаға 725 млн долларға қару-жарақ беруді көздеп отыр. Бұл туралы өз дереккөзіне сілтеме жасап, Reuters агенттігі хабарлады.
«АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украинаға 725 миллион долларлық қару-жарақ пакетін дайындап жатыр. Бұл туралы екі америкалық шенеунік хабарлады», – деп жазады басылым.
Дереккөздер Байденнің президенттік қызметтен кетер алдында Украинаға қолдау көрсетіп, Киев үкіметін нығайтуды көздеп отырғанын айтқан.
Соғыс алаңында алға жылжап жатқан Ресей әскеріне тосқауыл қою үшін Америка Украинаға танктен қорғайтын қару-жарақтар, мина мен дрондар, «Стингер» зымырандары мен HIMARS артиллериялық зымыран жүйелерін беруді көздеп отыр. Бұл қару-жарақ АҚШ әскери қоймасынан берілмекші.
Сонымен бірге HIMARS артиллериялық зымыран жүйелеріне арналған кассеталық оқ-дәрілер де берілетіні айтылады.
Ал POLITICO басылымы Байденнің жалпы қару-жараққа деп 24 млрд долларға қаражат сұрап жатқанын жазған.
«Президент Джо Байден Украинаға көмектесу және биліктен кеткенге дейін Ресеймен соғысу үшін жіберілген АҚШ қаруын ауыстыру үшін заң шығарушылардан тағы 24 миллиард доллар сұрап отыр», – деп жазады басылым.
Сұратылып отырған соманың 16 млрд доллары АҚШ қоймаларын жаңа қарумен толтыруға жұмсалса, 8 млрд доллар Украинаға көмек ретінде жіберілуі мүмкін.
Айта кетейік, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осыдан біра уақыт бұрын, Трамп сайлауда жеңіске жетсе, Украинаға ленд-лиз арқылы 500 млрд долларға әскери көмек беруі мүмкін екенін айтқан. Помпео осылайша Трамптың өз шарттарын қоя отырып, соғысты тоқтатуға ықпал ететінін мәлімдеген.