Кентау қаласы экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймақ деп танылады
Кентау қаласы экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймаққа жатқызылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алыңында өткен брифинг барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтты.
Брифинг барысында журналист депутат Мұрат Қадырбектің Кентауды экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймақ деп тануды сұрап, Үкіметке сауал жолдағанын, осы орайда қандай шаралар қабылданғаны жөнінде сұрады.
Әкім бұл мәселенің 2000 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, Шардара, Арыс, Отырар, Сауран аудандары Арал маңындағы экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймаққа жатқызылғанын айтты.
«Мынадай жағдай қалыптасып отыр. Сауран ауданы Кентау қаласымен шектеседі. Кентау қаласындағы көшенің оң жағы экологиялық аймақта тұрса, екінші жағы бұл аймаққа жатқызылмаған. Міне, сол оң аймақтың халқы қаланы Арал маңындағы экологиялық дағдарыс жағдайында тұрған өңір ретіндеу тану мәселесін көтеріп келеді», – деді әкім.
Әкімнің айтуынша, бұл бағыттарда нәтижелі жұмыстар жүргізілген. Денсаулық сақтау және Экология министрліктері тиісті зерттеу жүргізіп, нәтижесінде өңірдің экологиялық жағдайы қала тұрғындарының денсаулығына теріс әсер ететінін анықтаған.
«Екі министрлік Кентау қаласын Арал маңындағы экологиялық дағдарыс жағдайында тұрған аймақ қатарына қосуға болатыны жөнінде шешім шығарды. Бұл орайда бюджеттен қосымша 6 млрд теңге көлемінде қаражат қажет болады. Өйткені экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймақ тұрғындарының жалақысына қосымша 20 пайыздық үстеме қосылады. Қазіргі таңда бұл қаражаттың қандай көздерден алынатынын зерделеп жатырмыз. Жалпы шешім қабылданып қойды. Қаражат республикалық бюджеттен немесе жергілікті бюджеттен алынуы мүмкін», – деді әкім.