Арыс қаласы маңындағы жерлерді Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сатып алып жатыр. Корпорация бұл жерлерді «халықтан сатып алып, Қытай инвесторына беріп жатыр» деген ақпарат тараған. Ақпараттың анық-қанығын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатбалды түсіндіріп берді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист Арыс қаласы маңындағы ауылшаруашылық жерлерін Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сатып алып жатқанын, тіпті жерін сатпаған адамдардың қудаланып жатқаны туралы айтты.
«Қазақстан заңында ауылшаруашылық жерлер сатылмайды делінген. Ал Арыс қаласы маңындағы жерлерді Түркістан әлеуметтік корпорациясы шетелдік инвестордың қаржысына сатып алып шетелдіктерге жалға беріп жатыр. Ал жерін бермеген азаматтар қудаланып жатыр екен. Осыдан хабарыңыз бар ма?», – деп сұрады журналист.
Дархан Сатыбалды, бұл мәселеден хабары бар екенін, өңірге Қытай инвесторлары әкімдік шақыртуымен келгенін мәлімдеді. Әкім бұл жерлердің сапалы мақта өсіріп, өңірде тоқыма кластерін құру үшін пайдаланылатынын атап өтті.
«Біз мақта егумен айналысатын өңір саналамыз. 500 мыңнан астам халық осы мақта саласында жұмыс істейді. Бірақ сол мақта мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. Мен Өзбекстан елінде қызметте болдым. Ол жерде тоқыма кластері қалай дамығанын өз көзіммен көрдім. Сол тәжірибені елімізде жүзеге асыру үшін мен жергілікті кәсіп иелерімен кездесіп, сөйлестім. Бірақ олардың көбісінің мұндай тәжірибесі мен мүмкіншілігі болмады. Содан Өзбекстаннан бір инвесторды тарттық. Ол инвестор елде сапалы мақта тұқымын егіп көріп, жақсы нәтиже көрсетсе, мақта кластерін құруға келісті», – деді Сатыбалды.
Ал екінші инвесторды Қытайдан тартқан. Шетелдік инвестор Шардара ауданына барып, топырақ сапасын зерттеген. Алайда ол жердің топырағы жоғары сапалы мақта егуге жарамсыз болып шыққан.
«Содан біз оларға жаңа жерлерді игеруді ұсындық. Осы тұста айта кетейін, ол жерлер қытайлық компанияға берілген жоқ. Берілмейді де. Сатып алнған жерлер әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация балансында», – деді әкім.
Сонымен бірге әкім өңір топырағын сынап көру үшін биыл 1200 гектар жерге сапалы мақта егілгенін айтты. Нәтижесінде бір гектардан 55 центнер мақта алынған екен.
«Бұрын шаңы шығып жатқан жерден 55 центнер мақта жиналды. Су да, тыңайтқыш та екі есе аз жұмсалып, үнемделді. Ал біздің шаруалар 27-28 центнерден аса алмай отыр. Сонымен бірге экологтар өңірде мақта егу аймақтың экологиялық ахуалына да оң әсер ететінін айтты. Өздеріңіз білесіздер, бұл өңір Арал маңындағы экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймаққа жатқызылған. Ол жерге құрғап қалған Арал теңізінің түбінен құм мен тұз көшіп жатыр. Бұл жерде мақта егу сол құм мен тұздың көшуіне тосқауыл болып, экологиялық жағдайының жақсаруына жол ашады», – деді әкім.
Еске сала кетсек, өңірде тоқыма кластері құрылатыны туралы Kursivmedia жазған. Түркістан облысында 147 млрд теңгеге тоқыма фабрикасы салынып, онда атақты Louis Vuitton және Gucci сияқты әйгілі брендке арналған сапалы маталар шығарылатын болады. Бұл кешен мақтаны егуден бастап, мата етіп шығаруға дейінгі кезеңді толық қамтиды. Жалпы Қытай мен Өзбекстан инвесторларының қатысуымен құны 223,5 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба жүзеге асады.