Жаңалықтар

Қазақстанның астығы мен майлы дақылдарына Ресей шектеу қойды. АШМ мәселе қалай шешілетінін айтты

Ресей Федерациясы Қазақстан ауыл шаруашылығының бірнеше дақылдарына шектеу салды. Осылай деп мәлімдеген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов сыртқы саудада қандай қиындықтар туындағанын айтты.
Қазақстан астығы, майлы дақылдарына Ресей шектеу қойды / Фото: shutterstock

Ресей Федерациясы Қазақстан ауыл шаруашылығының бірнеше дақылдарына шектеу қойды. Осылай деп мәлімдеген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов сыртқы саудада қандай қиындықтар туындағанын айтты.

Сенат кулуарында вице-министрге сауал жолдаған БАҚ өкілі, Украиндағы соғыс басталғалы бері Ресей санкция салдарынан жаңа нарық көзін іздеп, Орталық Азия мен жалпы Азия бағытында сауда жүргізіп жатқанын еске салды. Осының салдарынан Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуда қандай қиындыққа тап болғанын сұрады.   

Азат Сұлтанов азық-түлік тауарлары санкцияға жатпайтынын атап өтті. Дегенмен бұл бағытта белгілі бір қиындықтар бар. Ресей Федерациясы Қазақстаннан кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелуге шектеу енгізген.

«Өздеріңіз білетіндей, Ресей Федерациясы жағы біздің ауыл шаруашылығының бірнеше дақылдарына да шектеуді салды. Енді қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров (ресейлік) әріптесімен сөйлесіп, мәселені шешудің жолын тапты. Бірінші партия Ресейдің портынан әлемдік нарыққа шықты. Қазір осындай мәселелерді оперативті түрде шешіп жатырмыз», – деді вице-министр.

Журналист вице-министрден экспорттау барысында Қазақстан қандай қиындықтарға тап болғанын нақтылауын сұрады. Өйткені Қазақстан бұрыннан астық сатып жүрген нарыққа енді Ресейдің өнімдері жеткізіліп жатқанын айтады.

«Олар – бидай және майлы дақылдар. Қазір дәстүрлі нарық – Орталық Азия, Ауғанстан, Иран және Қытайға өз өнімімізді шығарып жатырмыз. Олар – бидай және май дақылдары. Экспорт көлемін көбейттік. Қыркүйек пен қазанды қоса алғанда 2 млн тонна астықты экспортқа шығардық», – деп түсіндірді министр орынбасары.