Қазақстан төрағалығы кезінде ҰҚШҰ алдында тұрған міндеттердің барлығын орындады. Астанада өтіп жатқан ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлім етті.
Тоқаев қазіргі геосаяси ахуал мен сын-қатерлер жағдайында ҰҚШҰ қауіпсіздіктің кепілі екенін айтады.
«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) қазіргі сын-қатерлер жағдайында өз мүшелері үшін қауіпсіздік кепілі ретінде өзінің маңыздылығын үнемі дәлелдеп келеді. Келісілген іс-қимылдар, өзара сенім және қолдау ұйымға ең күрделі және ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясының ашылу рәсімінде.
Президент Тоқаев, ҰҚШҰ тек әскери серіктестік қана еместігін еске салды. Сондай-ақ Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде қандай мәселелерге айрықша көңіл бөлгенін айтып өтті.
«ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан күш-жігерін қатысушы елдердің өзара іс-қимылын нығайтуға, дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою тетіктерінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ терроризмді, кибершабуылдарды, трансұлттық қылмысты және есірткінің заңсыз айналымын қоса алғанда, қазіргі заманғы қауіп-қатерлермен күресте ұйым мүмкіндіктерін дамытуға жұмылдырды. Жоспар бойынша жарғылық органдардың отырыстары, әскери жаттығулар және ҰҚШҰ-ның профилактикалық операциялары өткізілді», – дейді президент.
Тоқаев ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент басшылары жан-жақты талқылағанын да жеткізді.
Сессия аралық кезеңде халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы іс-қимыл және ұжымдық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлерге қарсы күрес мәселелерін қамтитын маңызды құжаттар қабылданды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгін біздің назарымызға ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тиісті мәлімдемесі ұсынылады. Жалпы Қазақстан төрағалығы кезеңінде ҰҚШҰ алдында тұрған барлық міндеттер орындалды. Біздің басымдықтарымызды іске асыруда қолдау көрсеткені және жемісті бірлескен жұмыс үшін зор ризашылығымызды білдіреміз»,– дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы жабық, шағын құрамда жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясына қатысу үшін Қазақстан астанасына Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді. Сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.