Жаңалықтар

«Жарылыс ошағы күлге айналады»: Путин «Орешник» зымыранының қуатты қару екенін тағы да еске салды

Зымыран түскен аумақтың температурасы 4 мың градусқа дейін жетеді / Фото: aqorda_resmi

Ресейдің орта қашықтықтағы балистикалық зымыраны «Орешникке» тең келетін балама әлемде жоқ. Зымыран түскен аумақтың температурасы 4 мың градусқа дейін жетіп, жарылыс ошағы күлге айналады. Астанада өтіп жатқан ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында  Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин осылай деп мәлім етті.

Путиннің айтуынша, ешбір ел жақын арада мұндай қарудың аналогын жасай алмайды.

«Ондаған соққы блогының жылдамдығы шамамен секундына үш шақырымды құрайды. Соққы элементтерінің температурасы 4 мың градусқа дейін жетеді.  Сол себепті жарылыс ошағындағы элементтер бөлшектерге бөлініп, күлге айналады»,- деді Путин.

Ресей басшысы «Орешник» үлкен тереңдікте орналасқан және жақсы қорғалған нысандарды жоюға қабілетті екенін де атап өтті. Сондай-ақ әскери және техникалық мамандардың пікіріне сәйкес, бір соққы кезінде бірнеше «Орешник» зымыраны қолданылса, олардың соққы күші ядролық қаруды қолданумен тең болады.

«Дегенмен «Орешник» жаппай қырып-жоятын қару болып саналмайды. Біріншіден, бұл 21 қарашадағы сынақтармен расталды. Бұл – жоғары дәлдіктегі қару. Екіншіден, ең маңыздысы, бұл зымыранда ядролық заряд жоқ. Сондықтан оны қолданғаннан кейін, ядролық ластану болмайды», – деп атап өтті Владимир Путин.

Путин қазіргі уақытта Ресейде қолдануға дайын бірнеше осындай зымыранның бар екенін мәлім етті. Оның сөзінше, Ресей аумағына Батыстың алыс қашықтықтағы зымырандармен жасалып жатқан соққыларға жауап беретінін де жеткізді. Оның ішінде «Орешник» зымыранын ұрыс жағдайында сынақтан өткізіп көрмекші.

Путиннің мәлімдеуінше, Ресей «Орешник» зымыранының сериялық өндірісін бастаған.

«Орешник» зымыранының сериялық өндірісі басталды. Бірақ ақырында біз нысандардың сипаты мен Ресей Федерациясына төнген қауіптердің деңгейіне қарай жою құралдарын таңдайтын боламыз», – деп түйіндеді РФ президенті.

Путин Украинаның әскери зауытын қиратқан «Орешник» баллистикалық зымыранының баламасы жоқ екенін бұған дейін де мәлімдеген еді.

Айта кетейік, ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясына қатысу үшін Қазақстан астанасына Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді. Сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты. 

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан төрағалығы кезінде ҰҚШҰ алдында тұрған міндеттердің барлығын орындағанын айтты.