Өткен аптада ҚР Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын өзгертпеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Қазақстан билігінің энергетикалық тауарлардың бағасын ырықтандыруға ерекше сақтықпен қарайтынын көрсетеді. Бағаларды реттеу арқылы Үкімет кәсіпорындар мен халықты жасырын түрде субсидиялап отыр. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бағалауынша, субсидиялаудың мұндай көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің 1,5%-на дейін жетуі мүмкін.
Сұйытылған газ нарықтық бағамен салыстырғанда, әлдеқайда арзанға сатылып жатыр
Энергетика министрлігінің аталған шешімі ішкі нарыққа арналған сұйытылған мұнай газын (СМГ) көтерме саудада сатуға қатысты. Министрлік 2025 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымға дейінгі кезеңге арналған СМГ-ның көтерме тарифін тоннасына 45 мың теңге мөлшерінде бекітті. Мұндай шекті баға 2024 жылдың екінші жартысындағы СМГ бағасын реттейтін бұйрықта да көрсетілген болатын.
Сонымен қатар Министрлік СМГ-ның экспортын ерекше жағдайларды қоспағанда, шектеу туралы шешім қабылдады. Бұл мұнай өнімдерінің шығыннан төмен бағамен сатылуын болдырмауға бағытталған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, сұйытылған газдың өзіндік құны тоннасына 60-70 мың теңге аралығында өзгереді. Нәтижесінде, бөлшек саудада да, оның бағасын мемлекет бақылайтындықтан, сұйытылған газ әділ әрі нарықтық бағаға қарағанда әлдеқайда арзан сатылып жатыр.
Сұйытылған мұнай газы – өзіндік құнынан төмен бағамен сатылатын жалғыз энергетикалық өнім емес. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) мәліметінше, өзіндік құнынан арзан бағамен соңғы тұтынушыға жеткізілетін энергетикалық тауарлар тізіміне кемінде бес өнім бар.
«Бұл, ең алдымен, электр энергиясын, тауарлық және сұйытылған газды, бензинді (АИ-92), дизель отынын қамтитын барлық реттелетін тауар нарықтары», – дейді БҚДА төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов «Курсивтің» сұрауына берген жауабында. – Аталған энергетикалық тауарлар нарығында көтерме және бөлшек бағаларға тікелей мемлекеттік реттеу енгізілген. Сонымен қатар баға белгілеу ережелері қажетті шығындарды және реттелетін тауарларды жеткізушілердің жұмыс істеуі үшін қажетті пайда нормасын қоса есептеуді көздейді. Мұнай мен көмірді көтерме сатуға қатысты басқа энергетикалық тауарлар нарығында ішкі нарыққа жеткізу квоталарын белгілеу арқылы мұнай үшін, ал энергетикалық және тұрмыстық көмір үшін монополияға қарсы бақылау шаралары арқылы жанама әкімшілік реттеу қолданылады.
Энергетика министрлігі тауарлық газды ішкі нарықта көтерме сатудың өзіндік құны бекітілген көтерме бағадан әлдеқайда жоғары екенін растайды. Бұл энергетикалық өнімге арналған шекті бөлшек бағаны ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) реттейді. Комитет соңғы шекті бағаны 11 санат бойынша саралап, олардың жеті тобы арасында айқаспалы субсидиялау қолданылып отыр.
Энергиямен жабдықтау саласында да шекті баға және айқаспалы субсидиялау тетігі арқылы реттеу жүзеге асырылады. ТМРК төрағасының орынбасары Мирас Зеріпбаевтың «Курсивке» берген түсініктемесінде айтылғандай, қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу ережелеріне сәйкес, халық пен компаниялар арасындағы тұтыну көлемінің үлес салмағы өзгерген жағдайда, жабдықтаушы ұйым кіріс немесе шығынға ұшыраса, ТМРК тарифті түзетуі мүмкін. БҚДА өкілдері айқаспалы субсидиялау тетігі жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау және сумен жабдықтау қызметтеріне де қолданылатынын атап өтті.
Энергоресурстар бағасының төмендігінен экономика жасырын субсидия алады
Энергетикалық ресурстар тапшылығын сезінбейтін көршілес елдердің арасында Қазақстанның жанармайға арналған бөлшек бағалары ең төменгілердің қатарында. Мәселен, АИ-95 маркалы бензин бағасы көрші елдердің ішінде Қазақстаннан басқа тек Түрікменстанда ғана арзанға сатылады. Сонымен қатар Қазақстан бензині Ресейдегіден 17%-ға, Қырғызстандағыдан 43%-ға арзан. Дизель отынының бағасы да дәл осындай сипатқа ие: түркімендік дизель қазақстандықтан арзан болғанымен, қазақстандық дизель Ресейдегіден 15%-ға, қырғызстандық дизельден 33%-ға арзан. Қазақстанда сұйытылған мұнай газы Ресейдегіден екі есе, Әзербайжандағыдан 2,5 есе арзан. Ал тұрмыстық электр энергиясы Қазақстанда Ресейдегіден 11%-ға, Қытайдағыдан 37%-ға арзан.
Энергоресурстар бағасының төмендігінен экономика жасырын субсидия алады. Бұл субсидияны кейбір жағдайларда өндірушілер өз пайдасы есебінен өтесе, басқа жағдайларда мемлекет оны салық төлеушілердің қаржысы арқылы төлейді. Бұл қаржы шығынды мемлекеттік компанияларды қаржыландыруға және төмен тарифтерге байланысты тартымсыз активтерге инвестициялауға жұмсалады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі субсидиялау көлемін есептеп шықты. «Ішкі нарықтағы мұнайды сатып алу бағасы орташа есеппен барреліне $30-35 деңгейінде қалыптасып, экспорттық бағадан 50-60%-ға төмен. Бұл жер қойнауын пайдаланушылар есебінен ішкі нарықты субсидиялау көлемін 1,47 трлн теңге деп бағалауға мүмкіндік береді […] «QazaqGaz» ұлттық компаниясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, экспорттық табыс есебінен ішкі нарықты субсидиялау жүзеге асырылады, субсидиялау көлемі жыл сайын кемінде 178 млрд теңгені құрайды», – деп атап өтті антимонополиялық орган. Ал электр энергиясы тұтынушыларын субсидиялау көлемі 36 млрд теңгеге бағаланып отыр. Осы тауарлар бойынша субсидиялардың жалпы сомасы 2023 жылғы жалпы ішкі өнімнің 1,5%-на тең.
Бағаның өсуін тежеу арқылы үкімет әлеуметтік ахуалды біршама тұрақты ұстайды. Алайда бұл қымбатқа түседі. «Мұнай, мұнай өнімдері, тауарлық және сұйытылған мұнай газы, электр энергиясын сату нарықтарын талдау олардың инвестициялық тартымдылығының төмендегенін, импорт көлемінің артқанын, заңсыз экспорт пен транзиттің көбейгенін көрсетеді», – деп мәлімдеді БҚДА сарапшылары «Курсивке» берген жауабында.
Мұндай саясаттан туындаған басқа мәселелерге БҚДА субсидиялардың шашыраңқы пайдаланылуын және мемлекеттік міндеттемелердің өсуін жатқызады. Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтерді реттеудің халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға бағытталуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл оларға қызметке қолжетімді бағаны қамтамасыз етеді. Бірақ бұл шарт орындала ма? «Шағын және орта бизнес электр энергиясына артық төлейді, бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына әсер етеді. Ал мемлекеттік бюджет барлық тұрғындарды, әлеуметтік жағдайына қарамастан, электр энергиясы шығындарын жекелей бөлместен субсидиялайды», – деп нақтылады БҚДА өкілдері.
Бағаны біртіндеп теңестіру қажет
Энергоресурстар бағасына қатысты мемлекеттік саясаттың бағытын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы жарлығы айқындады. Бұл құжатта электр және сумен жабдықтау, су бұру сияқты салаларды атап өтіп, нарықтық баға белгілеуге тікелей және жанама шектеулерді кезең-кезеңімен жою тапсырылды. Бұл міндетті орындауға ұзақ уақыт бөлінген, соңғы мерзім – 2029 жылдың 31 желтоқсаны. Алайда бірінші кезең жақын арада басталуы керек.
2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін мемлекеттік органдар «монополиялық нарықтарды» қоспағанда, баға мен тарифтерді еркін қалыптастыруға кедергі келтіретін нормаларды тікелей немесе жанама түрде жоюды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл талап бөлшек саудада сатылатын мұнай өнімдерінің көп бөлігіне қатысты. Энергетика министрлігі бұл туралы былай деп түсініктеме берді: «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, мүше мемлекеттер отын-энергетикалық кешендердің әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ ұлттық экономикаларды негізгі энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында нарықтық баға белгілеу негізінде ортақ нарықтарды кезең-кезеңімен құруға тиіс. Қазіргі уақытта бағаға мемлекеттік реттеу енгізілуіне байланысты Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде жанар-жағармай материалдарының ең төменгі бағасы қалыптасқан ел болып отыр. Осыған байланысты әлеуметтік осал топтарды қолдау тетіктерін жасай отырып, бағаны біртіндеп теңестіруді қамтамасыз ету қажет».
Президент жарлығына сәйкес, әлеуметтік осал топтарды қолдаудың өтемақы шаралары осы жылдың соңына дейін дайындалуға тиіс. Ал Энергетика министрлігінің сұйытылған мұнай газының бағасын тағы алты айға өзгеріссіз қалдыру туралы шешімі бұл шаралардың әлі әзірленбегенін немесе мүлдем қарастырылмағанын көрсетеді. Соңғы нұсқа да болуы мүмкін. Себебі министр Алмасадам Сәтқалиевтің елде өндірілетін сұйытылған газ көлемін мұнай-химия өндірісіне бағыттауға басымдық беру керек деген мәлімдемесі осыған дәлел бола алады.
Айта кетейік, дәл осы сұйытылған мұнай газының бағасын ырықтандыру 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғаларға түрткі болған еді. Қазақстанның батыс өңірлерінде бұл газ автокөлік отыны ретінде кеңінен қолданылады.