АҚШ реттеушілері тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы қор биржасын іске қосуды мақұлдады. Бірақ инвесторлар мұндай сауда форматынан айтарлықтай қауіп барын алға тартып отыр. Үкімет дағдарысына байланысты Франция облигацияларының кірістілігі алғаш рет Грекияның кірістілігімен теңесті. 28 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
Еуропалық акциялар үшін сәтті күн
CNBC мәліметінше, АҚШ-та демалыс күні болғандықтан, еуропалық нарықтар бейсенбі, 28 қараша күні өсіммен жабылды, 27 қараша, сәрсенбі күні керісінше, төмендеген еді. Еуропалық Stoxx 600 бір күнде 0,45%-ға өсті. Француздың CAC 40 индексі елдегі үкіметтік дағдарысқа қарамастан 0,51%-ға көтерілді. FTSE 100 бұл күні 0,04%-ға, DAX 0,84%-ға, ал FTSE MIB 0,51%-ға өсті.
Еуропадағы қор нарығы саудасында банктердің акциялары көшбасшылар қатарынан көрінді. Ал үй тауарларын өндірушілер аутсайдерлер қатарына кірді. Мәселен, британдық Direct Line сақтандыру компаниясының акциялары 41%-ға өсті, бұл 2023 жылдың басынан бері ең жоғары деңгей саналады. Сондай-ақ голландиялық ASML компаниясының акциялары «АҚШ Қытайға шектеулерді жеңілдетуі мүмкін» деген сыбыстардың аясында қымбаттады.
Remy Cointreau компаниясының акциялары бір сәтте 5%-ға өсті. Француз алкоголь өнімдерін өндіруші компания алғашқы жарты жылдықтағы операциялық табыстың күтілгеннен төмен құлдырағанын хабарлады. Сонымен қатар компания жылдық сатылымның 15-18%-ға төмендейтінін болжады. Citi сарапшылары компания болашағын «күтілгеннен де әлдеқайда нашар» деп атады. Дегенмен акциялар 2,96%-дық өсіммен жабылды.
Франция облигацияларының кірістілігі алғаш рет Грекия деңгейімен теңесті
Үкіметтік дағдарыс Францияда қарыз алудың құнын Грекия деңгейіне дейін көтерді: грек облигацияларының кірістілігі 27 қарашада 3,009%-ды құрады, француз облигациялары – 3,023%, ал неміс облигациялары 2,160%-ға тең болды. Market Watch жазуынша, инвесторлар Франция билігінің төлем қабілетсіздігінен қауіптеніп, оның ұзақмерзімді облигацияларынан құтылып жатыр.
Франция мен Германия облигациялары әдетте эталонды, ал Грекия облигациялары тәуекелді деп есептеледі. Өйткені бұл елдің бюджетіне қарыз ауыртпалығы жоғары. 28 қарашадағы сауда нәтижесінде неміс және француз облигациялары арасындағы айырмашылық (спред) 90 базистік тармаққа жетсе, Грекия облигациялары алғаш рет француз облигацияларына қарағанда төмен кірістілік көрсетті.
Францияда 2025 жылға арналған бюджетті талқылау жалғасып жатыр. Ел үкіметі сыртқы қарыздың көптігіне байланысты қаржылық тұрақтылықты арттыру үшін шығындарды едәуір қысқартуды талап етеді. Ультраоңшыл партияның жетекшісі Марин Ле Пен қазіргі премьер-министр Мишель Барньені қызметтен кетіруді көздеп отыр.
«Францияның саяси проблемасы қаржы нарығына да әсер етуде. Елдің бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 6%-ын құрайды. Егер жоспарланған реформалар іске асырылмаса, келесі жылы бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 7%-ына дейін өсуі мүмкін», — деді XTB зерттеу директоры Кэтлин Бруксол.
АҚШ-та тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы қор биржасы ашылады
FT хабарлауынша, АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) 24 Exchange (24X) платформасына тәулік бойы жұмыс істейтін қор биржасын іске қосуға рұқсат берді. Бұл стартапты Стив Коэннің Point72 Ventures қоры қолдайды. Алғашқы кезеңде биржа әдеттегі жұмыс сағаттарында жұмыс істеп, нарықтық инфрақұрылым дамығаннан кейін жексенбіден бейсенбіге дейін кешкі уақытта сауда-саттық жүргізетін болады.
Кейінгі жылдары тәулік бойы сауда жасау трендке айналды. Әсіресе, жеке инвесторлар жұмыс уақытына қарамай, криптовалюта сияқты акциялармен де тәулік бойы сауда жасауды қалайды. Robinhood сияқты брокерлер клиенттердің тапсырыстарын «қараңғы пулдарда» орындап, олардың бағаларын нарыққа шығармай саудалайды.
FT мәліметінше, тәулік бойы сауда форматын SEC бірден мақұлдамаған. Бұрынғы өтінім қарсылықтарға тап болған еді. Жақында Нью-Йорк қор биржасы да жұмыс уақытын 22:00-ге дейін ұзарту туралы өтінім берді.
Дегенмен барлық инвестор бұл жаңашылдықты оң қабылдаған жоқ. Healthy Markets Association ұйымының атқарушы директоры Тайлер Геллаш тәулік бойы сауда-саттық акцияларға қатты әсер етуі мүмкін деп ескертті.
«Түнгі уақытта 5-20 мың акцияның бағасы өзгеріп, 2 млн акция бойынша маржа талабы туындаса, бұл зейнетақы қорын басқаратын институционалдық инвесторлар үшін үлкен мәселе болуы ықтимал», – деді ол.
Бағалы қағаздар компанияларын, банктер мен активтерді басқарушыларды ұсынатын Sifma ұйымы осы қауіптерге қарсылығын білдіріп, SEC-ті тәулік бойғы сауда-саттықтың салдарын жан-жақты қарастыруға шақырды.