Lifestyle

Қазақстан нарығына премиум санаттағы Genesis бренді ресми түрде келді

Genesis бренді ерекшеліктері неде? / Фото: "Астана Моторс"
Genesis бренді ерекшеліктері неде? / Фото: «Астана Моторс»

Премиум санатындағы Genesis көліктері Қазақстан нарығында ресми түрде сатыла бастады. 28 қарашада Алматыда дилерлік орталықтың ашылуы өтті. Оңтүстік Кореяда негізі қаланған бренд Орталық Азияда алғаш рет ұсынылмақ. Іс-шараға «Курсив» тілшісі қатысып, «ел мақтаған» брендтің тарихы, артықшылықтары мен бағасы, техникалық ерекшеліктері туралы біліп қайтты. 

Тарихқа үңілсек

Genesis атауы – ағылшын тілінен «шығу», «болу», «пайда болу» деп аударылады. 1999 жылы Hyundai Motors люкс санатындағы автомобильдер өндірушісі атану үшін алғашқы қадам жасады. Mitsubishi-мен бірге 2016 жылға дейін тек корея нарығына арнап Equus седанын шығарды.

Ал халықаралық нарыққа шығу үшін премиум суб-бренд құру туралы шешім қабылдайды. Осындай жолды бір кездері Nissan, Toyota және Honda таңдап, Infiniti, Lexus және Acura-ны өндіре бастаған болатын.

Жаңа Hyundai жобасы 2003 жылы басталып, алғашқы 2 жылда оған 500 млн доллар жұмсалды. Сәнді, сапалы, премиум седанның прототипі 2007 жылдың наурыз айында аяқталып, жұртшылыққа Concept Genesis ретінде ұсынылды. Өндіруші оның үлгісін бір жылдан кейін, Детройттағы халықаралық көрмеде таныстырды.

Алайда жылдар өтсе де, Hyundai жаңа брендті әлемдік сатылымыға шығаруға асықпады. Алғашқы «сәнді» седандар конвейерден Hyundai Genesis атауымен шықты. Идеяның өміршеңдігіне көз жеткізу үшін компания басшылығына тағы 7 жыл қажет болды. Аталған бренд сұранысқа ие болып, өз сегментінде ең көп сатылатын көліктердің үштігіне кіргенде ғана модельді бөлек премиум суб-бренд ретінде шығару туралы шешім қабылданды.

Осылайша кореялық Genesis автокөлігі ресми сатылымға 2015 жылдың 4 қарашасында шығарылды. Ал жаңа логотиппен шыққан бірінші модель – G90 седаны болды.

Жұлдызды команда еңбегінің нәтижесі

Бір ерекшелігі брендті жұлдызды команда жасап шыққан. Мәселен, жобаның вице-директоры Lamborghini бренд-менеджері Манфред Фицджеральд болған. Ал алғашқы көліктің дизайнын Bentley-дің бас дизайнері Люк Донкерволке және Hyundai Motor-дың басты идеялық шабыттандырушысы Питер Шрейер жасады. Жобаның техникалық бөлігін бақылау BMW-ның барлық «зарядталатын» нұсқаларын жасаушы, аты аңызға айналған Альберт Биерманға тапсырылды.

Брендтің бәсекелестері

Фото: "Астана Моторс"
Фото: «Астана Моторс»

Бренд негізгі нарықтар саналатын – Еуропа, АҚШ, Канада, Қытай, Аустралия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар және басқа елдерде бар. Ал Орталық Азияда Genesis тек біздің елде ұсынылған.

Сарапшылар «бұл автокөлік миллениалдар үшін арнайы жасалғандай» деп сипаттайды. Бұл тұста ол нарықты жоғары технологиялық, стильді, сәнді бірнеше брендпен бөліседі. Мәселен, BMW 7-Series, Mercedes-Benz S-Class және Audi A8-бен бәсекелес болуы мүмкін. 

Әзірге Hyundai Motors компаниясында бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Желінің флагманы да, одан кейінгі модельдер де жұртшылықтың жүрегін жаулап қана қоймай, сала мамандарын да мойындатты деуге болады. Бренд беделді жарыстарды жеңіп, рейтингтерде жоғары сатыда тұр. 

Ел нарығында қандай модельдер сатылады?

Қазақстандық ресми дистрибьютор жаңартылған – Genesis G80 седанын және Genesis GV80 кроссоверін ұсынып отыр. Бұл ретте Genesis G80 брендтің бестселлері саналады. Модельдің электр нұсқасын қосқанда әлемде 390 мың дана сатылған.

Қазақстанда алдағы уақытта Genesis G70, G80, GV70 және GV80 үлгілері да сатылымға шығарылады. Брендтің флагмандық седаны – G90 2025 жылдан бастап әкелінеді деп жоспарланған.

Таныстырылымда айтылғандай бастапқыда Қазақстанда диллерлік орталықтар емес, Алматы мен Астана қалаларында көрме залдары ашылады. Ал дилерлік орталықтарды дистрибьютор 2025-2026 жылдары осы екі қалада салуды жоспарлап отыр.

«Genesis қауіпсіздікті, сапаны, жайлылықты, дизайнды және жан-жақты қызмет көрсетуді бірінші орынға қоятын бренд. Біз әрбір клиент өзін маңызды қонақ ретінде сезінетіндей әсер сыйлауға ұмтыламыз», – деп атап өтті таныстырылымда Genesis жаһандық бөлімшесінің басшысы Майк Сонг.

Қазақстанда бағасы қанша? 

Сатылым көлемі бойынша бренд модельдерінің арасында сөзсіз көшбасшы G80 бизнес седаны. 2016 жылы дебютінен 390 мыңнан аса G80, соның ішінде электромобильдер сатылды. Рейтингте екінші орында 173 мың данадан аса сатылған Genesis GV80 кроссовері және үшінші орында 161 мыңға жуық авто иесін тапқан GV70 кроссовері иеленді.

Қазақстандық көлік сату сайттарында «сұр» дилерлер әкелген 140-тан аса Genesis сатылып тұр. Оның 55-і Алматыда ұсынылған. Моделіне және жылына қарай бағасы әртүрлі. Мәселен, 2019 жылы шығарылғандары 19 млн теңгеден басталса, 2023 жылы шығарылған, біраз тізгінделгендері 33 млн теңгеден жоғары. «Астана Моторс» құрамындағы Genesis Auto Kazakhstan ресми ұсынған жаңа көліктердің бағасы моделі мен конфигурациясына байланысты 20,5 млн теңгеден басталады.

Ел нарығында ең көп GV70 жәе GV80 седандары ұсынылған. Бүкіл әлем бірте-бірте седандарға деген қызығушылықты жоғалтып жатқан тұста қазақстандық авто әуесқойлар үшін кореялық Genesis бренді жаңа леп әкеле ме, оны келесі жылы байқап көреміз.  

Еске сала кетсек, бұған дейін Кursiv.Мedia Қазақстан нарығында Қытай көліктерінің үштігін атаған еді. Олардың қатарына BYD, Tesla бар.

Сонымен қатар британдық мамандар жиі бұзылмайтын кроссоверлер тізімін жариялады. Тізімде бірінші орында 2018–2024 жылдары шығарылған Hyundai Santa Fe тұр.