Банк пен қаржы

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі теңгені нығайта алды ма?

Фото: kursiv.media және бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресей рублі тағы құнсыздануда. Бүгін, 29 қараша күнгі сағат 13:56-дегі жағдай бойынша банкаралық нарықта ресей рублінің АҚШ долларына айырбас бағамы 0,47% өсіп, 1 доллардың құны 108,4 рубльге дейін көтерілді. Еске сала кетейік 27 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша ресейлік рубльдің долларға қатысты бағамы күрт әлсіреп, бір доллардың құны 113,1 рубльге дейін құнсызданды.

Осы жылдың маусым айынан бастап доллар мен еуро Мәскеу биржасында саудалануды тоқтатты, себебі биржаға қарсы АҚШ-тың бұғаттау санкциялары енгізілген болатын. Содан бері доллар мен еуро бойынша сауда-саттық тек банкаралық нарықта жүзеге асырылып келеді.

Банктер арасында айырбас ретінде ерекше орынды Газпромбанк алады. Бұл банк сыртқы сауда, әсіресе, экспорт бойынша есеп айырысу жүргізетін негізгі қаржы институты. Алайда өткен аптада Газпромбанк және оның еншілес компаниялары да АҚШ-тың бұғаттау санкцияларына ілікті. Бұл шешім халықаралық саудаға әсер етіп, банктің операциялық қызметінде қиындықтар туғызуда және рубльдің құнсыздануына да әсер етіп жатыр.

Әлсіз теңге базалық мөлшерлемені қайта көтерді. Жоғары пайыз теңгеге әсер ете ме?

Қазақстан Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлемені жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдағаны экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған маңызды қадам саналады. Бұл шешім инфляцияның өсуіне, теңгенің әлсіреуіне және ішкі сұраныстың артуына байланысты жасалды. Осылайша ҰБ осы жылдың ең жоғары базалық мөлшерлемесін бекітті.

ҰБ жоғары базалық мөлшерлемесі теңгенің күшейуіне бірден әсер етпейді. Ақша несие саясаты оның ішінде базалық мөлшерлеме ұзақ мерзімді әрі нарыққа 3 айдан 6 ай аралығында немесе одан да көп уақыт аралығында өз әсерін береді. Тіпті теңгедегі депозиттің өсімі мен несие пайызының өсімі ЕДБ арасында біршама кідірістен кейін жүзеге асады.

Интервенция. Бас банктің валюта нарығына араласуы және ықпалы

ҰБ мәліметінше, биылғы жылдың 16-28 қараша аралығында бас банк Халықаралық алтын-валюта қорының 2,5% үлесі немесе 1,2-1,3 миллиард долларға жуық интервенция жасаған. Айта кетейік, қазан айындағы жағдай бойынша Ұлттық банктің халықаралық валюта қоры 43,8 млрд долларды құраған. Осылайша, Ұлттық банк соңғы күндері валюта нарығында ұсынысты көбейту мақсатында өз тарапынан интервенция жасаған. Бұл өз кезегінде USD/KZT бағамына әсер етті.

Айта кетейік, валюта нарығында (KZT/USD)  27-28 қараша күндері 455 млн доллар және 713 млн доллардың  рекордтық саудасы орын алды. Алайда бас банк тек 28 қараша күні интервенция жасап, валюта нарығына араласқанын мәлімдеген болатын. Дәл сол күні  валюта нарығына қатысушылардың арасындағы сауда-саттық күні бойы 503-519 теңге   арасында жүріп, сессия қорытындысы бойынша бір доллардың құны 512 теңге көлемінде жабылды.

Осылайша, валюта нарығында дүрлігу басым болып отыр. Сондай-ақ ұлттық валютаның өзге валюталарға (USD, EUR және RUB) тұрақсыздығы, құбылмалдылығы сақталып отыр. Одан бөлек доллар индексінің өсуі, АҚШ сыртқы саясатының алдағы өзгерісі және мұнай бағасының төмендеуі сияқты көптеген факторлар теңгеге қосымша қысым алып келуде.