Сирияда сунниттік радикалды «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының содырлары 28 қарашада Алеппо провинциясындағы бірқатар маңызды позицияларды басып алған. Ел президенті Башар Асад Мәскеуге ұшып кетіп, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуді көздеп отыр.
Башар Асад режимінің Қарулы қарсыластары ондаған елдімекендерді басып алып, Алеппоға жақындаған. «Хайят Тахрир аш-Шам» қарулы тобы – «Әл-Қаиданың» сириялық филиалы «Джебхат ан-Нусра» құрамынан шыққан жиһадшылар тобы. Топ әлемнің көптеген елімен қатар, Қазақстанда да террористік ұйым ретінде танылған.
Reuters басылымының ақпаратына сүйенсек, Сирияның адам құқықтарын бақылау орталығы (SOHR) жаңа шайқас кезінде 121 содыр мен Сирия үкіметі Араб армиясының 61 әскери қызметкері қаза тапқанын хабарлаған. Бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар саны әлі есептелмеген.
Содырлар Алеппо қаласының шетінен 10 шақырым қашықтықта, Нубла мен Захра қалаларынан бірнеше шақырым жерде шоғырланған. Олар Иран қолдайтын Ливанның «Хезболла» қозғалысының күштеріне жақын жердегі шейіт қалаларға жеткен. Алеппоның шығысындағы Найраб әуе базасына да шабуыл жасады. Алеппоны Дамаскпен байланыстыратын маңызды M5 магистралін жауып тастаған. 28 қарашаға дейін содырлар 32 елдімекеннен САА бөліктерін қағып, жалпы ауданы 245 шаршы шақырым аумақты алып үлгерген.
Иранның Tasnim агенттігі содырлармен шайқаста Сириядағы ирандық әскери кеңесші бригадир Киумарс Пурхашеми қаза тапқанын хабарлады.
Ресей мен Сирияның әскери ұшақтары Түркия шекарасына жақын аймақтағы содырлар бақылауындағы аумақтарды бомбалаған.