Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Әнел Сартаеваға қатысты қылмыстық істі қарап, оны ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша айыпты деп таныды. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзу нәтижесінде абайсызда адам өліміне алып келу деректерін қамтиды.
Жазда автобустың қатысуымен жол апаты кезінде Сартаева «Жол беру» белгісін елемей, қиылысқа шығып кеткен. Нәтижесінде оның көлігі қалалық автобуспен соқтығысып, автобус инерциямен бағдаршамға соғылып, тротуарға шығып, дүкен ғимаратына соқтығысқан. Салдарынан автобустың бір жолаушысы жедел жәрдем келгенше, қайтыс болған.
Сартаева кінәсін мойындап, оқиғаға өкінетінін білдірді. Сот оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға және 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруға үкім шығарды. Алайда ҚР ҚК 74-бабының 1-бөліміне сәйкес, оның кішкентай баласының жасына байланысты жаза өтеу мерзімі 3 жылға шегерілді.
Айта кетейік, Әнел Сартаева Salem Social Media медиакомпаниясының продюсері болған. Ол «5:32», «Эскорт», «1286» сияқты сериалдардың продюсері ретінде танылған.