Тоқаев Балаеваны қабылдап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық жүргізуді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Министр президентке барлық бағыттағы атқарылып жатқан мәдени шаралар мен жұмыстар жөніндегі қорытындысын баяндаған.
«2025 жыл идеологиялық тұрғыда ерекше атаулы жыл болайын деп тұр. Тарихи маңызы зор бірнеше мерейлі оқиғалар бар. Осыған орай бүгін мен мемлекет басшысына дайындық барысын баяндадым. Атап айтқанда, Қазақстан Халқы ассамблеясының 30 жылдығы мен әлемдік діндер съезі, Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай арнайы жобалар жайын баяндадым. Президент тиісті жаңа ұсыныстар мен тапсырмалар жүктеді»,– деді министр.
Сонымен бірге Балаева мәдениет, ақпарат, азаматтық қоғам, дін, этносаралық қатынас, жастар саясаты, креативті индустрия, отбасы-демографиялық саясат, мұрағат және кітапхана ісі салаларында биылғы атқарылған шаралар жөнінде есеп берген.
Министр осы жылы күшіне енген заң жобаларына қатысты атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат берген.
«Биыл елімізде журналистердің мәртебесін арттыруды көздейтін жаңа БАҚ туралы заң қабылданды. «Қазақфильм» киностудиясын тікелей қаржыландыруды қарастыратын заңнамалық өзгерістер Парламент қарауына ұсынылды», – деп мәлімдеген министр.
Балаеваның есебін тыңдаған Тоқаев ведомствоға келесі жылы өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне дайындық барысын жіті бақылауды тапсырған.