Ұлттық экономика министрлігі карта арқылы ақша аударымдарын қымбаттатуды көздеп отыр. Депутаттар бұған қарсы

Жарияланды
Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінде карта арқылы ақша аударымдарының комиссиясын 12%-ға қымбаттатуды көздеп отыр / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық экономика министрлігі әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексінде картадан картаға ақша аудару комиссиясын 12%-ға қымбаттатуды көздеп отыр. Бұл туралы өзінің телегерам арнасында депутат Асхат Аймағамбетов хабарлады.

«Картадан картаға көшіру – комиссиясы қазір 150 теңге. Егер Салық кодексінің жаңа жобасында ұсынылған норма қабылданса, мұндай аударымдар 12%-ға дерлік қымбаттауы мүмкін»,– дейді депутат.

Аймағамбетов Экономика министрлігінің барлық төлем операциясына ҚҚС салуды жоспарлап отырғанын айтады. Бұл пластикалық карталарға қызмет көрсетудің, картадан картаға, шоттан шотқа аудару қызметінің, аударымдар және банк қызметтерінің айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін.

Министрлік бұл шығындарды банктер өзі өтейді деп сендірген. Алайда депутат министрліктің бұл ұйғарымы шындыққа жанаспайтынын айтады.

«Шынын айту керек – бұл миф. Банктер клиенттерге шығындарды арту мүмкіндігін жібермейді. Олар қайырымдылықпен айналыспайды»,– дейді Аймағамбетов.

Экономика министрлігінің бұл бастамасына Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы, сарапшылар мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да қарсы болған. Алайда министрлік бұл норманы кодекс жобасынан алмаған.

«Мұндай өзгерістер біздің шығындарымызды арттырып қана қоймай, қаржы жүйесіне деген сенімді әлсіретеді. Бұл бастама барлығына теріс әсер етеді. Бұл ережені өзгерту үшін түзетулер енгізуді ұсындық»,– дейді депутат.

Осы орайда Аймағамбетов бюджет тапшылығы мәселесінде бірінші кезекте шығыстарды қысқарту, бюджетті неғұрлым ұтымды пайдалану, жеңілдіктерді реттеу маңызды екеніне тоқталған.

Сондай-ақ оқыңыз