Алматының тектоникалық белсенді аймағында орналасқан 71 үй апатты деп танылған
Алматының тектоникалық белсенді аймағында орналасқан 71 үй апатты деп танылған. Бұл туралы Алматы қаласы Мәслихатының кезекті ХХIV сессиясында Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев айтты.
Басқарма басшысы «Алматы қаласының тұрғын үйлерін 2030 жылға дейін реновациялау бағдарламасын бекіту туралы» жобасын таныстырды. Бұл бағдарлама негізінде 700-ге жуық апаттық деп танылған үй сүрілмекші, оның ішінде 71 тектоникалық қауіпті аймақты тұрған үй бар.
«2030 жылға дейінгі жаңа реновациялық бағдарлама негізінде 676 ескі үй сүріледі. Оның ішінде тектоникалық қауіпті аймақта тұрған 71 үй бар. Бұл шаралар барысында шамамен 7,5 мың авариялық жылжымайтын мүлік иелерін жаңа тұрғын үйлерге көшіруге мүмкіндік туады»,- деді Боранбаев.
Әкімдік өкілінің айтуынша, реновациялық бағдарлама 2012-2015 жылдары және 2021-2025 жылдар аралығында жүргізілген. Қайта жаңғырту бағдарламасының екі кезеңінде 181 ескі үй бұзылып, 1629 пәтер иелері жаңа баспанаға көшірілген. Алайда алдыңғы жылдары жүйеліліктің болмауына және қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты біршама тұрғын үй жаңартылмай қалған. Айтуынша, қалада әлі күнге дейін 1366 ескі сейсмологиялық берік емес үй бар. Онда 43 мыңнан астам адам тұрады. Нақты айтқан, 14430 пәтер апаттық жағдайда.
Авариялық деп танылған үйлер мына аудандарда орналасқан:
- Түрксіб ауданы – 586,
- Бостандық ауданы – 246,
- Жетісу ауданы – 134,
- Алмалы ауданы – 122,
- Алатау ауданы – 102,
- Медеу ауданы – 75,
- Әуезов ауданы – 75,
- Наурызбай ауданы – 26.
«Жаңа реновациялық бағдарламасының мақсаты авариялық үйерде тұратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оларды жаңа үймен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау»,- дейді Боранбаев.
Басқарма басшысы апаттық деп танылған үйлер сүрілген соң, ол жерге Алматы қаласының Бас жоспары негізінде, жаңа нысандар салынатынын, олардың құрылысын жүргізгенде қала инфраструктурасымен үйлесуі толық ескерілетінін мәлімдеді.