Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
«Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданды», – делінген банк хабарламасында.
Реттеушінің бұл шешіміне Қазақстандағы жылдық инфляцияның қазан айында 8,5%-ға дейін өскені әсер еткен. Ал инфляцияға «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы және теңгенің әлсіреуі ықпал еткен.
«Оған қоса инфляцияның орнықты бөлігі де өсуде. Жоғары ішкі сұраныс жағдайында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен нарықтық қызметтер бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне ықпал етті. Бюджеттің кіріс бөлігін орындамауына байланысты жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру есебінен экономика ішіндегі проинфляциялық қысым сақталуда», – деп түсіндіреді реттеуші.
Сонымен бірге бас банк мәлімдемесінде қазан айында халықтың инфляциялық күтулері төмендегенмен, құбылмалы болып қалғаны айтылған.
Одан бөлек сыртқы инфляциялық қысым да күшейген. Оған азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляция және айтарлықтай бағамдық ауытқулар себеп болып отыр.
«Қаржы нарықтарында едәуір өскен құбылмалылық байқалуда, бұл белгісіздік пен инфляциялық күтулердің өсуіне әсер етуі мүмкін»,– делінген банк хабарламасында.
Сонымен бірге ҰБ 2024 жылға болжанған инфляцияны 8-9% деңгейінде нақтылаған. 2025 жылға арналған болжам – 6,5-8,5%-ға дейін, 2026 жылға арналған болжам 5,5-7,5%-ға дейін өсу жағына қарай қайта қаралғаны айтылады.
«Инфляцияның орнықты бөлігі 2026 жылы 5%-ға жақын қалыптасады. Жалпы инфляция 2027 жылы нысанаға жақын қалыптасады деп күтіледі», – деп хабарлайды ҰБ.
Айта кетейік, ҰБ қазан айында базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған болатын. Реттеуші бұл шешімін инфляцияның орташа тарихи мәндерден және көктем және жаз айларында байқалған деңгейлерден жоғары қалыптасқанымен байланыстырған болатын. Инфляцияның орнықты бөлігі төмендегенімен, оның қарқыны әлі де баяу екенін мәлімдеген еді.
2024 жылы доллар/теңге жұбында доллардың құны 10%-дан аса өсті. Ал 27-28 қарашада теңге Ресей рублінің соңынан «ілесіп» қатты құнсыздана бастаған болатын.
Бұдан соң, Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізе бастағанын хабарлады. Бұл шаралар тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау, теңгенің айырбас бағамының артық құбылмалылығын тегістеу үшін және шетел валютасын ұсынуды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатыны айтылды.