Табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялау тетігі алынып тасталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
«Табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялау мүмкіндігі ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша алынып тасталды»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялау мүмкіндігін болдырмау үшін Жоғары аудиторлық палата нұсқаулығымен Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізілген.
Аудиторлардың мұндай шешіміне жылумен қамту саласындағы басқару тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері себеп болған. Аудит барысында тұтынушылар топтары арасындағы тарифтерде айтарлықтай айырмашылық бар екенін анықтаған.
Осыған орай, аудиторлар палатасы Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылар топтары арасындағы тарифтер айырмашылығын кезең-кезеңімен қысқарту үшін Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырған. Нәтижесінде жауапты орган аталмыш Қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізген.
«Оның мақсаты – табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялауға жол бермеу»,- делінген баспасөз хыбарламасында.
Сонымен бірге жылу энергиясымен қамту жөніндегі қызметтердің тарифтері сараланады.