Жаңалықтар

2025 жылы Ұлттық қордан әр баланың шотына 100 доллардан көп аударылады

Балалардың шотына ақша қаңтар айының басында аударылады / Фото: архив kursiv.media 

2025 жылдың басында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша кәмелетке толмаған балалардың шотына 100 доллардан көп ақша түседі. Бұл жайында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.

Ұлттық Банк төрағасының орынбасарының айтуынша, кәмелетке толмағандарға төлемдер 2025 жылдың қаңтарында шоттарына түсе бастайды және оның мөлшері биылғыға қарағанда көбірек болады. Осы жылдың он айы ішінде Ұлттық банк Ұлттық қорды басқарудан 5,3 млрд доллар пайда тапқан.

«Төлемдер қаңтар айында  жасалады. Өткен жылы біз әр балаға шамамен 100 доллар аударған едік. Жоғарыда айтып өткендей, 2023 және 2024 жылдар инвестициялық табыс тұрғысынан оң көрсеткіш болды. Сондықтан жылжымалы орташа мән көтеріледі. Келесі жылдың қаңтар айында төленетін сома көп болады», – деді Молдабекова Ұлттық банкте өткен баспасөз брифингінде. 

Десе де Ұлттық Банк  нақты қанша сома болатынын айта алмады. Төлемдердің нақты мөлшері келесі жылдың басында балалар саны анықталғаннан кейін белгілі болады.

Айта кетейік, бағдарлама шеңберінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын 18 жасқа дейінгі қазақстандық балалар арасында бөлінеді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінгі күні елімізде кәмелет жасына толмаған  6,9 млн бала бар. Осы жылы оларға  100,05 доллар шамасында қаржы аударылған болатын.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша 2024 жылы 18 жасқа толған немесе толатын балалардың қаржысы БЖЗҚ-дағы нысаналы шоттарында жинақталған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ынан түскен қаржыны әр бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана нысаналы мақсатта пайдалана алады.  

Қаржыны нысаналы пайдалану жолдары:

  • «Отбасы банк» АҚ – қаражатты тұрғын үй және/немесе білім алуға пайдалану үшін.
  • «Қазақстан Халық Банкі» АҚ — білім алуға ғана пайдалану үшін.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап осы жоба іске қосылды. Жаңа бағдарламаға сәйкес, барлық балаларға жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы есептеледі. БЖЗҚ жоба операторы болып айқындалды.