Көмірмен жұмыс істейтін екі электр станциясын сумен қамтамасыз ететін су құбыры жарылған. Косово премьер-министрі бұл шабуылды Сербия тарапы ұйымдастырды деп мәлімдеді.
Премьер-министр Альбин Курти мұны теракт деп атады. Полиция екі күдіктіні ұстағанын айтты.
Курти Сербиямен байланысы бар қылмыстық топ осы операцияны ұйымдастырды деп айтты.
«Бұл қылмыстық және лаңкестік шабуыл арқылы маңызды инфрақұрылымымызға зиян келтіруді көздеді», – деді ол.
Премьер-министр елдің бір бөлігі жарықсыз қалу қаупі бар екенін қаперге салды. Электр қуатын өндіретін, көмірмен жұмыс істейтін екі станцияны республиканы түгелге жуық энергиямен қамтамасыз етіп отыр.
Ibar-Lepenci сумен жабдықтау компаниясының мәліметі бойынша су құбырына лақтырылған жарылғыш зат қабырғаны да қиратқан.
«Шабуыл кәсіби түрде жасалды. Оның артында Сербия бақылайтын бандалар тұр деп есептейміз», – деген Курти қолдарында бұл іске қатысты айғақ бар екенін ескертті.
Косово премьер-министрі Сербия президенті Александр Вучичті «қылмыстық құрылымдарды» қолдады деп тікелей айыптады. Оның айтуынша, серб тарапы осындай орасан шығын келтіруге мүдделі. Мұны жарылғыш заттардың көптігінен аңғаруға болады.
Ал Алексндр Вучич бұл айыпты мойындамады.
Сербия «жақында болған шабуылға қатысы барын сөзсіз жоққа шығарады», – деді Вучич.
«Мұндай негізсіз мәлімдемелер Сербияның беделіне нұқсан келтіруге, сондай-ақ аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған күш-жігерге нұқсан келтіруге бағытталған», – деді Сербия Премьер-министрі.
Брюссель де мұны теракт деп бағалады. Еуропа одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелл Косоводағы су құбырының жарылуын қатаң түрде айыптады.
«Бұл – Косово халқының басым бөлігін ауыз сумен қамтамасыз ететін және Косовоның энергетикалық жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын маңызды азаматтық инфрақұрылымына қарсы жиіркенішті диверсия», – деді Боррелл 30 қарашада таратқан мәлімдемесінде.
Косово Республикасы – Балқан түбегіндегі мемлекет. Косовоның астанасы – Приштина. Халқы 1,7 миллион адам.