Мемлекеттік грант бөлуге қатысты талапкердің талап-арызын министрлік қарап жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
Ғылым және жоғары білім министрлігінің «төтенше жағдай» санаты бойынша квота бөлу құқығы жоқ/фото: Kursiv.media

Астанада мемлекеттік грант бөлу кезіндегі дауға қатысты талапкердің талап-арызын Ғылым және жоғары білім министрлігі қарап жатыр. Мектеп түлегі Медина Майсар бұған дейін әлеуметтік желіде ҰБТ-дан 119 балл жинағанына қарамастан, мемлекеттік грант ала алмағанын айтып видео жариялаған.

Адвокат Халида Әжіғұлованың айтуынша, министрліктің 2 тамыздағы №388 бұйрығында төтенше жағдай болған өңірлердегі түлектерге бөлінген 20% грант квота деп көрсетілген. Алайда білім туралы заңда квотаның 10 түрі ғана белгіленген, оның ішінде «төтенше жағдай» деген бөлік жоқ.

– Ғылым және жоғары білім министрлігінің «төтенше жағдай» санаты бойынша квота бөлу құқығы жоқ. Себебі қолданыстағы заңда мұндай квота қарастырылмаған. (…) Сараптай келе, қолданыстағы қай нормативтік құқықтық акт негізінде төтенше жағдай болған өңірлердегі түлектерге 20% квота бөлінгенін таба алмадық. (…) Министрліктің бұған дейін бекітілген квота бойынша грант бөлу өкілеті бар, алайда квотаның жаңа санатын құру құқығы жоқ. Мұны тек парламент бекіте алады, – дейді Әжіғұлова.

Жауапкер тараптан сотқа қатысқан Бекет Алиғожин процесс барысында Медина Майсардан қазір қайда және қандай мамандықта оқып жатқанын нақтылады. Майсар Алматыда өзі қалаған «құқық» мамандығы бойынша білім алып жатқанын айтты.

Алиғожиннің айтуынша, 2 тамыздағы бұйрыққа өзгеріс енгізілгеннен кейін Медина Майсар мемлекеттік грант иегері атанған. Ол талапкердің құқығы бұзылмағанын, Майсардың өзі қалаған оқу орнында білім алып жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз