Bank of America (BofA) 2025 жылға инвестиция салудың ерекше жолдарын іздеген инвесторларға үш актив түрін ұсынды. Бұлар – АҚШ-тан басқа дамыған нарықтардағы акциялар, ұзақ мерзімді қарыз қағаздары мен бағалы металдар. Уолл-стриттегі ең ірі банктердің бірі келесі жылдың екінші тоқсанынан бастап осы айтылғандарға назар аударуды ұсынды.
Қаржылық нарықтың кең танылған трендтеріне қарсы әрекет ететін контрциклді инвесторларға «BIG» стратегиясын қолдану ұсынылады. Яғни облигациялар (bonds), халықаралық акциялар (international stocks) және алтын (gold) сатып алу. Бұл туралы BofA-ның сараптамалық жазбасында айтылған. Оны Seeking Alpha сайты жариялады.
BofA стратегы Майкл Хартнетттің айтуынша, 2024 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ экономикасының өсуі мен әлемдік экономиканың әлсіреуі жағдайында доллардың күшеюіне және АҚШ акцияларының өсуіне басымдық жасау керек. Екінші тоқсанда Хартнетт еуропалық және азиялық акцияларға инвестиция салуды ұсынады. Себебі бұл аймақтарда пайыздық мөлшерлемелерді төмендеу күтіліп отыр. Сонымен қатар Хартнетт инфляция өсіп, алтын мен шикізат тауарларын тартымды инвестициялық құралға айналдырарына сенімді. BofA криптовалюталар бойынша да ұзақ мерзімді позиция ұстану керегін алға тартты.
Инвесторларға 10 жылдық АҚШ мемлекеттік облигацияларын сатып алу ұсынылады. Тек олардың табыстылығы 5%-ға жетуі керек (қазіргі уақытта 4,2%). BofA-ның пікірінше, мұндай табыстылық нарықтағы жоғары турбуленттіліктің, инфляция шыңына жеткенінің белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ АҚШ-тың қаржы билігін бюджеттің дефицитін қысқарту бойынша жаңа шаралар қабылдауға мәжбүр етуі ықтимал.
Өткен аптада АҚШ-тың «көгілдір фишкалар» индексі Dow Jones Industrial Average 2%-ға астам өсті. Nasdaq Composite және S&P 500 индекстері 1% қосты. S&P 500 пен Dow Jones қараша айын тарихи максимумдармен аяқтады. Yahoo Finance деректері бойынша, 2024 жылы қаңтар мен қараша аралығында S&P 500-нің өсуі 2013 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды.
Уолл-стрит сарапшыларының 2025 жылға арналған болжамдары негізінен оптимистік сипатқа ие.
Алтынның бағасы дүйсенбі, 2 желтоқсанда соңғы төрт сессиядағы өсуден кейін трой унциясы үшін 2 630 долларға төмендеді, ал доллар Дональд Трамптың БРИКС елдеріне 100%-дық импорттық баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін нығайды. Алтынның раллиі уақытша тоқтағанымен, оның негізгі қолдау факторлары әлі де өзекті болып отыр деп мәлімдеді Citi компаниясының шикізат нарықтарын зерттеу бөлімінің жетекшісі Максимилиан Лейтон.
Canaccord Genuity қаржылық компаниясының болжамы бойынша, орталық банктердің тарапынан алтынға сұраныс жоғары болып қала береді. Ал АҚШ-пен «сауда соғысының» эскалациясы жағдайында ол тіпті артуы мүмкін. Сонымен қатар егер Трамптың екінші президенттік мерзімі де сыртқы саясаттағы агрессивті бағытпен сипатталса, бұл геосаяси шиеленістердің өсуіне және алтынға халықаралық сұраныстың артуына себеп болуы ықтимал. 2 желтоқсанда 10 жылдық АҚШ мемлекеттік облигацияларының табыстылығы 4,2%-ды еңсеріп, екі аптаға созылған төмендеу кезеңінен кейін қайта өсті. Societe Generale болжамы бойынша бұл облигациялардың табыстылығы 2025 жылдың соңына дейін 4,5%-ға жетуі мүмкін.