Қытайда электрмобильдер нарығында жаңа «баға соғысы» басталып жатыр. Автокөлік өндірушілері нарықтағы тұтынушылық сұранысты ынталандыру үшін қосымша шаралар қабылдауға көшті. Мақсат – жылдық сатылым жоспарларын орындау. Нарықтағы кішігірім ойыншылар аман қалуға амалын жасаса, ал Tesla мен BYD бәсекені қыздыра түсті.
BYD кейбір модельдерге 1000-3000 юань (шамамен 140-410 доллар) көлемінде қосымша жеңілдіктер енгізді. Бұл туралы автоконсультант Сунь Шаоцзюнь Weibo әлеуметтік желісіне жазды. Оның айтуынша, BYD компаниясы биыл да «қызыл конверт» жүйесін ұстанып отыр. Бұл – дилерлерді жақсы сатылымдар үшін сыйақымен марапаттау. Осылайша, BYD-тің бұл әрекетінен кейін нарықта жаңа кезең басталуы мүмкін.
Tesla желтоқсанның соңына дейін клиенттеріне 5 жылдық пайызсыз несие беруді және Model Y кроссоверіне 10 мың юань (шамамен 1400 доллар) жеңілдік ұсынды.
Zeekr 15 күндік акциясын бастады. Оның аясында клиенттер 3 жылдық пайызсыз несие мен мыңдаған юаньға тең ынталандырулар ала алады. Бұл премиум брендтің желтоқсандағы сатылымдарын 27 мыңнан 35 мың электрмобильге дейін ұлғайту қажет, деп жазды Bloomberg.
Li Auto да 3 жылдық пайызсыз несие ұсынды. Осы жылдың қаңтар-қараша айларында компания айына орта есеппен 40 мың электрмобиль сатты. Ал желтоқсан айында 60 мың көлік сатылып, жылдық жоспарын 500 мыңға жеткізуге тиіс.
Stellantis компаниясының серіктесі Leapmotor жылдық жоспарын ертерек орындап қойды. Leapmotor қараша айында 40 мыңнан астам электрмобиль және осы уақытқа дейін 251 мың көлік сатқан. Ал компанияның жылдық жоспары 250 мың болған-ды.
Xiaomi компаниясының басшысы Лэй Цзюнь қараша айында 20 мыңнан астам SU7 электромобилін сатқанын және 2024 жылға арналған жоспарды 120 мыңнан 130 мыңға дейін көтергенін хабарлады.
Қытай үкіметі биыл электрмобильдер мен гибридтер сатылымын қолдауға бағытталған шараларды күшейтті. Атап айтқанда, trade-in бағдарламасы аясында жаңа экономды көліктер сатып алуға 20 мың юань субсидия ұсынды. Алайда бәсеке әлі де жоғары. Жеңілдіктер түрлі ойыншылардың Қытайдағы электрмобиль нарығында аман қалуға деген талпынысын көрсетіп отыр. Нарықтың үштен бірін BYD иеленіп отыр.
The Wall Street Journal мәліметтері бойынша, Tesla мен BYD акциялары жыл басынан бері 43%-ға өскен. Нарықта екінші орынға ие Geely компаниясының акциялары 67%-ға қымбаттаған. Ал биыл нарыққа шыққан смартфон өндірушісі Xiaomi акциялары 82%-ға өскен.
Дегенмен кішігірім ойыншылар үшін жағдай күрделірек болып отыр. Li Auto акциялары биыл 41%-ға, Leapmotor акциялары 19%-ға арзандаған. Zeekr компаниясының акциялары осы жылдың мамыр айында Nasdaq биржасында листингтен өткеннен бері IPO бағасынан 12%-ға қымбаттап отыр.
Қытай үкіметі электрмобильдер мен гибридтерді сату үшін ынталандыру шараларын күшейтсе де, нарықтағы бәсекелестік өте жоғары болып қалады. Жеңілдіктер мен акциялар автокөлік өндірушілерінің Қытай нарығында өз позицияларын сақтап қалуға және нарықтағы үлестерін арттыруға деген ұмтылысын айқын көрсетіп отыр.