Банк пен қаржы

Миллиардер Кеңес Рақышев молдован кәсіпкері Анатол Статиге тиесілі болған газ өңдеу зауытын 2025 жылы толық іске қоспақ

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Миллиардер Кеңес Рақышев Боранкөл газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) 2025 жылы толық іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл зауыт кезінде молдовалық кәсіпкер Анатол Статиға тиесілі болған.

Кеңес Рақышев газ өңдеу зауытына қатысты жоспарын журналист Руслан Шаекенге берген сұхбатында мәлімдеді.

«Алдағы жылы Құдай қаласа, Боранкөл газ өңдеу зауытын іске қосамыз,» – деді ол.

Сонымен қатар ол Fincraft Group-тың газ компаниясына айналуды мақсат тұтып отырғанын айтты.

Боранкөл газ өңдеу зауытының тарихы

Боранкөл газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылысын 2005 жылы «Толқынмұнайгаз» ЖШС қолға алған. Бұл компанияның түпкі иесі – молдован кәсіпкері Анатол Стати болған. Зауыттың жобалық қуаты тәулігіне 7 млн текше метр газ өңдеуге жетуі тиіс еді. Зауыт «Толқын» және «Боранкөл» кен орындарының ілеспе және табиғи газын өңдеуге арналған біртұтас технологиялық кешен ретінде жобаланған.

Алайда 2010 жылы жоба инвесторы – Анатол Статимен келісімшарт бұзылған соң, Боранкөл газ өңдеу өңдеу зауыты мен кен орны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына уақытша басқаруға берілген.

Ал 2023 жылы зауытты Beineu Petroleum Limited жеке компаниясы аукцион арқылы сатып алған. Аукцион құны 130 миллион доллардан асты. Қыркүйек айында бұл кәсіпорынның 40% акциясын Кеңес Рақышев Fincraft Group арқылы иеленді. Қазір зауыттың түпкі иесі – Кеңес Рақышев пен Байқадам Абласанов. Абсаланов – Кеңес Рақышевтың «Құмкөл Транс Сервис» мұнай компаниясындағы серіктесі.

Қазіргі уақытта Боранкөл ГӨЗ-і ішінара жұмыс істеп тұр. Зауыттың жобалық қуаты жылына 3 млрд текше метр газ өңдеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта оның өндірістік қуаты арттырылып, газды батыс Прорва кен орнының ресурстары есебінен қабылдау жоспарланған.

Анатол Статимен сот

Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйды. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларын тексерді.

Сөйтіп шетелдік компанияға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21,67 млн теңге заңсыз табыс тапты деп кінә тақты. Бұған қоса Анатол Статиді газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра бағалады, көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғыларға 72 млн доллар аударды деп айыптады.

Тергеу барысында «Казполмунай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларымен жасалған жер қойнауын пайдалану келісімшартының күші тоқтатылды. Кейінірек Үкіметтің шешімімен кен орнын игеру және газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты келісімшарт та күшін жойды.

Сот шешімі бойынша «Казполмұнай» директоры Сергей Корнегруц 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал «Толқынмұнайгаз» басшысы және басқа да іс фигуранттары қашып, оларға іздеу жарияланды.

2017 жылдың соңында Анатол Стати мен оның компаниялары Қазақстан үкіметінің үстінен арыз түсірді. Молдован кәсіпкерлері мен Қазақстан арасындағы дау халықаралық сотта қаралды. 14 жылға созылған дауға биыл ғана нүкте қойылды. Дау туралы толық мына сілтемеден оқуға болады.