Банк пен қаржы

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы AIX биржасынан 200 млн доллар тартпақ

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Астана халықаралық биржасында 3 жылдық облигация орналастырды. Бұл биржа сайтында жарияланған хабарламада жазылған.

Ұлттық атом компаниясы халықаралық биржадан 200 млн доллар тартпақ. Номиналды құны 100 мың долларды құрайтын 2000 бағалы қағаз орналастырған.

Облигацияларының купондық мөлшерлемесі – жылдық SOFR +1%. Бағалы қағаздар 2027 жылдың желтоқсанына дейін айналымда болады.

Жақында ұлттық атом компаниясы 2024 жылдың 9 айындағы қаржы нәтижесін шығарды. Биыл әлемдік нарықта уранның 40%-ға қымбаттауы ұлттық компания табысының артуына әсер еткен. 9 айда «Қазатомөнеркәсіп» 745 млрд теңгеге жуық таза пайда алған. Бұл 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 2,5 есе артық.

Қаңтар-қыркүйек айларында компания жалпы 927,3 млрд теңгенің уранын сатқан. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен төрттен бір есе жоғары. Ал байытылған уранды сатудан 120,3 млрд теңге түсім түсті. Бұл былтырғы 9 айдағы 44,8 млрд теңгемен салыстырғанда 3 еседей көп.