Республикалық бюджетке аударылатын трансферттер үшін қараша айында Ұлттық қордан 1 260 млн АҚШ долларына тең валюта сатылды. Қазан айында қордан 1,34 млн доллар сатылған болатын. Оның үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 23%-ын құраған. Яғни күніне қордан 60 млн доллар өтті.
Екі ай қатарынан Ұлттық қордан қомақты доллар сатылса да, теңгенің құнсыздануына тосқауыл бола алмады. Ресми мәлімет бойынша, ұлттық валюта қазан айында – 1,5%, ал қараша айында 5% әлсіреген.
Ал желтоқсан айында Ұлттық қордан 800-900 млн доллар сату жоспарланған. Бұдан түскен қаржы да республикалық бюджетке трансферт ретінде аударылады.
Теңге бағамы
Қараша айында теңге бағамы 5%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін қымбаттады. Қазақстан қор биржасындағы күндік орташа сауда-саттық көлемі бір айда 278 млн-нан 262 млн АҚШ долларына дейін төмендеген. Жалпы қараша айында биржада 5,5 млрд долларға тең валюта сатылған.
Ұлттық валюта қатты құнсызданып бара жатқан соң, теңгенің айырбастау бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеу үшін Ұлттық банк нарыққа араласып, 15-28 қараша аралығында интервенция жасады. Яғни алтын-валюта қорындағы қаржыдан 1047 млн АҚШ долларын сатқан.
«Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді», – делінген хабарламада.
Шілде айында Ұлттық қор есебіне «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу туралы шешім шыққаны белгілі. Осы шешім аясында Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін Ұлттық Банк өз алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Содан бері бас банк бұл валюталарды біркелкі сатып келеді. Қараша айында 133,8 млн доллар сатылған. Осылайша, өткен айда «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу бойынша мәміле аясында валюта сату аяқталған.
Сонымен қатар валюта нарығында тепе-теңдікті арттыру үшін квазимемлекеттік сектордағы компаниялар түсімінің 50%-ын нарықта сату талабы қайта күшіне енді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында екінші деңгейлі банктер арқылы дербес сатады.
БЖЗҚ-ға доллар сатып алынды ма?
Қараша айында Ұлттық банк БЖЗҚ портфеліне доллар сатып алмаған. Өйткені зейнетақы қорындағы валютадағы активтің үлесі 40%-ға жеткен. Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбаған. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллардың қымбаттауы зейнетақы қорының табыстылығын арттыратынын айтты.