Lifestyle

2024 жылдың үздік отбасылық жол талғамайтын көліктері белгілі болды

Ең үздік отбасылық автокөлік тізімі жарияланды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Ең үздік отбасылық автокөлік тізімі жарияланды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Автосарапшылар 2024 жылғы ең үздік отбасылық кроссовер мен жол талғамайтын көліктерді атады

Отбасылық авто: седан, кроссовер және жол талғамайтын көлік

Заманауи отбасылық көлік барлық жағынан ыңғайлы болуы шарт. Балаларды мектепке апару, жұмысқа жайлылықпен бару, қажеттінің барлығын салып алып, кез-келген сәтте демалысқа аттану. Қысқасы отбасылық көлік қажет кезде тау-таста жүретін, сонымен бірге қаланың ішінде де жүруге ыңғайлы, балабақшаға немесе мектепке асыққанда спорт көлігіне де айналып кететін әмбабап болуы тиіс. Авто осы мүмкіндіктерді ұштастырғанда ғана нағыз отбасылық саналады. 

Бүгін де дилерлер клиент тарту үшін қуатты, бірақ отын үнемдейтін технологиялар орнатып, электр қозғалтқыштарын және барлық соңғы технологияны ұсынуға тырысады. Сонымен қатар отбасылық көліктерге қойылатын басты талап –  әмбебаптық болғандықтан, сатып алушылар кроссовер немесе жол талғамайтын көлік алуға тырысады. Себебі седандардың асты аласа, іші тар, саяхаттағанға да аса жайлы емес. 

Ал минивэн қала сыртында барлық жағынан ыңғайлы. Сондай-ақ көпшілігі жеті орындық болып келеді. Бұл олардың басты артықшылығы. Алайда кемшілігі де осы. Себебі қала ішінде үлкен көлік ыңғайсыз. Британдық Whatcar.com сарапшылары  осы талаптардың барлығын саралап, нарықтағы көліктерді зерттеп, қорытындысын жариялады. 

«Біз әрбір модельді: сенімділік, ыңғайлы жүргізу және интерьер сапасы бойынша бағалап үздіктерді анықтадық», – деп жазды басылым сарапшылары.

Үздік отбасылық авто

Талдауда мамандар Kia Sportage-ді ең жақсы отбасылық көлік деп таныған. Неге дәл осы авто? 

«Көлік кең, мысалы, алдыңғы орындықта немесе артқы орындықта отырса да, барлығы жайлы. Жүк салуға да ыңғайлы», – деп жазылған талдауда. 

Кроссовер 1993 жылдан бері шығарылады. Қазіргі уақытта аталған модельдің бесінші буыны шығарылуда. Ең соңғы жаңа модель 2015 жылы Франкфурт автосалонында ұсынылды. Бүгінде Қазақстан нарығынан Kia Sportage-ді табу қиын емес. Сонымен қатар диллерлік орталықтар да сатады. 2024 жылғы тізгінделген автолардың бағасы 10 млн-нан басталса, жаңасы 13 млн теңгеден басталып, 19 млн теңгеге дейін барады.  

Зерттеу барысында Sportage көп сатылған Nissan Qashqai және Volvo XC40-тан көбірек ұпай жинаған. 

Рейтингте электрокарлар көш бастап тұр

Тізімде екінші орында Renault Scenic E-Tech көлігі тұр. Бұл 2024 жылдан бері француз маркасы Renault шығарған шағын электр кроссовер. 2022 жылдың 19 мамырында оның қара түсті нұсқасы Scénic Vision концепт-кардың тұсауы кесілді. Кейін Париж автосалонында таныстыру үшін автомобиль ақ түске боялды. Концепт-кар 210 ат күші бар электр қозғалтқышымен жабдықталған. Қозғалтқыш 40 кВт/сағ литий-ионды аккумулятордан қуат алады. Кроссовер шағын болса да іші кең, жүк салғышы да ыңғайлы. Бірақ бұл көлікті Қазақстан нарығында жиі кездестіре қоймайсыз. 

Одан кейінгі орынды жуырда ғана Қазақстан нарығына келген Genesis брендінің GV60 автокөлігі алды.

Genesis GV60 – ықшам, электр энергиясымен жүретін кроссовер. Бұл – Hyundai Electric Global модульдік платформасында жасалған алғашқы Genesis өнімі. Көлік 350 кВт зарядтағышпен 800 В зарядтау мүмкіндігінің арқасында 18 минутта 80%-ға дейін зарядталатын 77,4 кВт/сағ батареямен жабдықталған. Сонымен қатар оның үш модификациясы бар. Автоға 229-490 ат күшіне тең қозғалтқыш орнатылған. Жайлы, ішкі дизайны Sportage-ден де сәнді. 

Сарапшылар көпбалалы отбасы үшін жайлы көлікті атады 

Ол – орташа өлшемді iX кроссовері. Нарыққа 2021 жылдың жазында шығарылды. Электрокар – 2018 жылдың қыркүйегінде Париж автосалонында көрсетілген Vision iNext концепциясының өндірістік нұсқасы. Авто жылдам зарядталады. Жүк салғышының көлемі 510 литрдан асады. Бұл темір тұлпарды Қазақстан нарығынан жиі кездестіре бермейсіз. Мәселен, хабарландыру сайттарынан Алматыда мұндай төрт-ақ көлік сатылып тұрғанын көруге болады. Бағасы 17 млн-нан басталып, 26 млн теңгеге дейін барады. 

Отбасылық ең қауіпсіз көлік 

Сонымен қатар тізімде Volvo XC40 кроссовері бар. Мамандар шведтік Volvo Cars компаниясының өнімін ең қауіпсіз деп таныды. Ол 2017 жылдың қараша айынан бастап конвейрге қойылды. Көліктің прототипі 2016 жылы ұсынылған. Автомобиль 2018 жылы Женева автосалонында беделді еуропалық «Жыл көлігі» сыйлығын алды. Алайда бұл автоны ел нарығынан табу оңай емес. Мәселен, Алматыда мұндай бір ғана көлік сатылып тұр. 2022 жылы шығарылған қолданыста болған авто 19,5 млн теңге тұрады. 

Бұған қоса британдық мамандар тізімінде Skoda Enyaq iV, Mercedes GLC, Lexus NX, Audi Q5 және Kia EV9 бар. Бұл жанармай мен және электр энергиясымен жүретін кроссоверлердің әр қайсысы өзінше ыңғайлы. 

Бұған дейін британдық сарапшылар ең мықты кроссоверлердің тізімін жасаған еді. Талдау  нәтижелері бойынша ұсынылған көліктердің жартысына жуығы Қазақстан нарығында бар. Оларды қайталама нарықтан, диллерлік орталықтан да сатып алуға болады. Бағалары жылына қарай 10 млн теңгеден басталады.