
Алматы облысы Кеген ауылының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст қойылды. Ескерткіш қою туралы бастаманы 2024 жылдың қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, Кеген ауылындағы Өнер мектебіне Нұрқаділовтің есімі берілген. Ескерткіш осы Өнер мектебінің алдына қойылған.
«Ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз», — деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, Нұрқаділовтің есімі берілген мектепте 890 оқушы білім алады.
Айта кетейік, қаңтар айында Қасым-Жомарт Тоқаев Кегенде Нұрқаділовке ескерткіш қою туралы тапсырма берген. Бұған қоса, Алматы қаласындағы тұрған үйіне ескерткіш тақтасын орнатуды ұсынған.
Заманбек Нұрқаділов осы Кеген ауданының тумасы. 90-шы жылдары саясатқа араласып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тағайындауымен Астана және Алматы қалаларын басқарған. Алайда 2000-шы жылдары оппозицияға кеткен. 2005 жылы оның өз үйінен денесі табылған. Ресми дерек бойынша оқиға суицид деп танылған.