Халықаралық сот Алматы облысы әкімдігін шетелдік инвесторға 153 млн теңге өтеуге міндеттеді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Алматы облысы әкімдігі шетелдік инвесторға өтемақы төлейді
Алматы облысы әкімдігі шетелдік инвесторға өтемақы төлейді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астана халықаралық қаржы орталығының соты Алматы облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасын International Academy of Medicine and Sciences (IAMS) компаниясына 153 млн теңге өтеуге міндеттеді.

Сот қағаздарына сүйенсек, 2020 жылдың 5 қарашасында Алматы облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы IAMS компаниясына «Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын» сенімгерлік басқаруға береді.

2023 жылдың маусым айынан бастап әкімдік сенімгерлік-басқару қызметі үшін келісімшартта көрсетілген төлемді жасамай келген. Сот кезінде мемлекеттік ведомство өзінің бұл шешімін түсіндіруге мәжбүр болған. Басқарманың айтуынша, компания ауруханаға мемлекеттік органның өкілдерін кіргізуден бас тарту арқылы келісімшартты бұзған.

Тараптар келісімге келе алмағандықтан, сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Ал IAMS компаниясының түпкі инвесторы шетелдік болғандықтан, істі Астана халықаралық қаржы орталығының соты қараған.

Сот Денсаулық сақтау басқармасының дәлелдерін негізсіз деп танып, ведомствоны компанияға 153 млн теңге төлеуге міндеттеді.

Компанияның сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 10 жыл бұрын құрылған компанияның негізгі акционерлері үндістандық ISM EduTech Pvt Ltd, америкалық Way 2 Med LLC және қазақстандық AZS Group компаниялары. Компанияның екі директоры: бірі қазақстандық Жұмағали Исмаилов, екіншісі үндістандық Рупал Наджаван. Компанияның үш клиникалық ауруханасы бар. Олар: «Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы»(мекен-жай Демченко, 83), Бішкектегі Веданта ауруханасы, Душанбедегі Веданта ауруханасы.

Сондай-ақ оқыңыз