Джо Байден бірнеше қылмыстық іс бойынша айып тағылған ұлына рақымшылық жасады
АҚШ президенті Джо Байден өз ұлы Хантер Байденге рақымшылыққа жасады. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады. Хантер Байден екі қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылып, жақын күндері сот үкімі шығуы керек еді.
«Мен қызметімнің алғашқы күнінен бастап әділет министрлігінің шешімдеріне араласпайтынымды айтқан едім және сол уәдемді орындадым. Алайда ұлымның әділетсіз қудалауға ұшырағанын көріп отырмын», — деді Джо Байден.
Маусым айында алқабилер 54 жастағы Хантер Байденді 2018 жылы қару сатып алу кезінде өзінің есірткіге тәуелді екенін жасырып, жалған мәлімет бергені үшін кінәлі деп таныды. Бұл АҚШ тарихындағы президенттің баласы қылмыс жасағаны үшін сотталған алғашқы жағдай болды.
Қыркүйек айында Хантер Байден салықтан жалтару ісі бойынша өз кінәсін мойындады. Оған 2016–2019 жылдар аралығындағы 1,4 миллион доллар көлеміндегі салықты төлемеді деген айып тағылды. Осы қылмыс үшін ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.
Джо Байденнің айтуынша сот әділ шешім шығармады:
«Сот процестері саяси астармен бұрмаланғандықтан, әділ шешім шықпады. Осы демалыс күндері бұл мәселені кейінге қалдырудың мәні жоқ екенін түсіндім. Әке ретінде де, президент ретінде де бұл қадамға баруымның себебін америкалықтар түсінеді деп сенемін», — деді президент.
Хантер Байден де өзіне қатысты мәлімдеме жасады:
«Менің нашақорлық кезінде жіберген қателіктерімді саяси құрал ретінде пайдаланып, Байдендер отбасынының атына кір келтіруге тырысты. Бүгінгі рақымшылықты сый ретінде қарастырмаймын және қалған өмірімді қиын жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсетуге арнаймын», — деді президенттің ұлы.
АҚШ тарихында осыған ұқсас жағдайлар болды. Хантер Байденнің ісі АҚШ президенттерінің туыстарына рақымшылық жасаған бірінші жағдай емес. 2001 жылы президент Билл Клинтон өзінің актер әрі музыкант өгей інісі Роджер Клинтонға рақымшылық жасады. Ол 1985 жылы кокаин сақтағаны үшін сотталған еді. 2020 жылы Дональд Трамп қызы Иванканың қайын атасы Чарльз Кушнерге рақымшылық жасады. Кушнер 2005 жылы заңсыз сайлау кампаниясына қаражат жинау және салық төлеуден жалтару бойынша айыпталып, екі жыл түрмеде отырған.
Еске сала кетейік, жақында АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетті. Байден келесі президентке билікті бейбіт түрде тапсыратынын мәлімдеген еді.