Lifestyle

Қыста қайда барып, тиімді демалуға болады?

Қысқы демалыс үшін ең танымал және тиімді бағыттар / фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда қыс мезгілінде демалуға болатын орындар көп. Табиғат аясында белсенді демалысты ұнататындар да, тыныштықты қалайтындар да өздеріне лайықты демалыс таба алады. Kursiv LifeStyle қысқы демалыс үшін ең танымал және тиімді бағыттар тізімін ұсынады.

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты (Алматы)

«Шымбұлақ» – Орталық Азиядағы ең танымал тау-шаңғы курорттарының бірі. Бұл жерде шаңғы тебу, сноубордпен сырғанау және аспалы жол арқылы тау шыңдарын тамашалау мүмкіндігі бар.

Шаңғыны жалға алу құны 5 000-10 000 теңге, ал аспалы жол билеті шамамен 3 000-10 000 теңге. «Медеу» мұз айдынына жақын орналасқан, сондықтан мұз айдынында сырғанап, демалысты түрлендіруге болады. Таулы аймақта демалысыңызды ұзағырақ создыртқыңыз келсе «Шымбұлақ» аумағында тамақтануға арналған шағын кофеханалардан бастап қымбат мейрамханаларға дейін бар. Сондай-ақ қонақүйлерде тоқтасаңыз болады.

«Шымбұлақта» тау ортасындағы премиум қонақүйлердің бағасы: 60 000 – 150 000 теңгеге дейін баруы мүмкін. Орташа деңгейдегі қонақүйлердің бағасы бір тәулікке 30 000 – 60 000 теңге.

Бурабай курорттық аймағы (Ақмола облысы)

«Қазақстанның Швейцариясы» атанған Бурабай қыс мезгілінде ерекше әдемі. Мұнда таза ауа, қалың қар басқан орман мен жанға жайлы тыныштықты сезінуге болады.

Бурабайда шағын үйлерді жалға алу күніне 15 000-50 000 теңге аралығында табуға болады. Эконом-кластағы қонақүйлер де бар. Қосымша шаңғы немесе снегоход тебуге мүмкіндік бар. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында Бурабайда туристік ағынның айтарлықтай артқаны байқалды. Орналастыру орындарының саны 203-ке жетіп, қызмет көрсетілген қонақтар саны 143 629 адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 949 адамға көп.

Қатонқарағай ұлттық паркі (Шығыс Қазақстан)

Алтай тауларының етегінде орналасқан бұл аймақ ерекше табиғатымен танымал. Қыс мезгілінде қар жамылған тауларды тамашалап, саумал мен емдік шипажай қызметтерін пайдалануға болады. Шағын үйлер мен шипажайларда тұру құны тәулігіне 10 000-30 000 теңге. Емдік процедуралар алып, жылқымен серуендеуге болады.

Балқаш көлі (Қарағанды облысы)

Қыста көл мұзға айналып, еркектер демалысы үшін мұнда балық аулау мен мұз үстінде серуендеуге болады. Экономды демалыс үшін өте қолайлы. Мұз астынан балық аулауға арналған жабдықтарды жалға алу мүмкіндігі бар. Орташа баға – 10 000-30 000 теңге.

Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы (Алматы облысы)

«Қазақстанның інжу-маржаны» атанған Көлсай көлдері – тау бөктеріндегі үш әдемі көлдер тізбегі. Қыста мұндағы тыныштық пен табиғаттың сұлулығы ерекше сезіледі. Мұз қатқан көлдер мен қар жамылған шыршалар арасында серуендеу демалуға таптырмас орын. Көлсай маңындағы ауыл үйлерін тәулігіне 10 000-20 000 теңгеге жалға алуға болады.

Шарын шатқалы – миллиондаған жылдар бойы жел мен судың әсерінен қалыптасқан ғажайып табиғат ескерткіші. Қыста мұндағы «Қызғылт қамалдар аңғары» қармен үйлесіп, ерекше әсер қалдырады.

Көлсай мен Шарын бір-біріне жақын орналасқандықтан, екі бағытты бір сапарда қамтуға болады. Тур ұйымдастырушылар арқылы (екі күндік тур): 25 000-40 000 теңге (қонақүй, көлік, гид қызметі кіреді). Өз көлігіңізбен баратын болсаңыз, тұру, тамақ және көлік шығындарын ескерсек, 20 000-35 000 теңге аралығында болуы мүмкін.

Тиімді демалысқа кеңестер

Ерте брондау арқылы қонақүй мен жолға жұмсалатын шығынды азайтуға болады. Маусымға байланысты курортық аймақтар жаңа жылға қарай өз қызметтерінің бағасын өсіру мүмкін. Өз көлігіңізбен немесе топтасып бару жол шығындарын үнемдеуге көмектеседі. Белсенді демалыс түрін таңдасаңыз, өзіңізбен жылы киімдер мен қажетті жабдықтарды және тамақты өзіңізбен ала барған арзанға түседі.