«Теңізшевройл» компаниясы 2024 жылы Қазақстан бюджетіне 8,4 млрд доллар төлем жасады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Теңізшевройл» Қазақстан бюджетіне 8,4 млрд доллар төлем жасады / фото: архив kursiv.media

Қазақстан экономикасына айтарлықтай үлес қосып жатқан «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекет қазынасына 8,4 млрд доллар көлемінде тікелей төлем аударды. Жалпы 1993 жылдан бері компания ел экономикасына 198 миллиард доллардан астам қаражат салған. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.

S&P Global компаниясының зерттеуі бойынша, ТШО соңғы 12 жылда Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімінің 11%-ын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар компанияның мультипликативті әсері елдің басқа салаларына да оң ықпал етіп отыр.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Теңіз кен орнын кеңейту жобаларының уақытылы жүзеге асуына баса назар аударып, отандық өндірушілер мен мамандардың үлесін арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып келеді. 2024 жылдың үшінші тоқсанында ТШО-дағы қазақстандық мамандардың үлесі 95%-ға жеткен.

Бұған дейін Қазақстан экономикасындағы мұнай-газ секторының үлесі бір жылда 3,3%-ға төмендеген еді.

Еске сала кетсек, ТШО мердігерлерге қойылатын талапты жеңілдетті. Енді қазақстандық жеткізушілер екінші деңгейлі банктер берген кепілдіктерді пайдалана алады. Осы уақытқа дейін ТШО-мен жасалған келісімшарттардың шарттарына қарамастан, бүкіл мердігерлер несие рейтингі «А» деңгейінен төмен емес банктерден кепілдік алуға міндетті еді. 

Сондай-ақ оқыңыз