Ұлттық экономика министрінің отставкаға кетуіне негіз бар ма?
Бюджетке жоспарлы кіріс кірмеді, ЖІӨ-ге қатысты болжам орындалмай, Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін халықаралық банктерден қарыз алып жатыр. Осыған орай Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров отставкаға кетуі мүмкін бе? Бұл сауалға Үкімет үйінде өткен брифингте министрдің өзі жауап берді.
«Бюджет жетпей жатыр, мемлекеттік борыш артты, теңге құнсызданды. Осы оқиғалардан кейін, елдің экономикасына жауапты адам ретінде отставкаға кетуді ойламайсыз ба?», – деп сұрады журналист.
Байбазаров мұндай жоспары жоқ екенін, отставкадан бұрын ел экономикасын көтеру мәселелерін ойластыру маңызды екенін айтты.
«Жоқ мен олай ойламаймын. Өйткені бюджетті теңгерімді жасадық. Ел бюджетін толтырудың мемлекеттік резервтері бар, соны пайдаландық. Біздегі түсім көздері экспортқа байланысты екенін білесіз. Біздің мақсатымыз – отставкаға кету емес, тезірек жағдайда тұрақтандырып, экономиканың дамуын қамтамасыз ету», – деп жауап берді министр.
Сонымен бірге жиында журналистер соңғы оқиғаларға орай елдің бюджеттік жоспарына өзгеріс енгізу мәселесін көтерді. Өйткені алдағы жылдың бюджетін жоспарлаған кезде Үкімет валюта бағамын 1 доллар үшін 470 теңгемен есептеген. Соңғы өзгерістерге орай бұл жоспар айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Байбазаров Үкіметтің бюджет жоспарын өзгертуге асықпайтынын мәлімдеді.
«Бюджетті жоспарлағанда мұнай бағасын баррель үшін 75 доллармен есептедік. Ал бюджетке түзету енгізу мәселесіне қатысты айтар болсақ, біз қазір қандай да бір қадам жасауға асықпаймыз. Аяқасты шешім шығармаймыз. Өйткені нарық ерте ме, кеш пе тұрақтанады. Бұл туралы Ұлттық банк те ескертіп жатыр. Тиісті шаралар қабылданды. Сондықтан асығыс шешім қабылдап, түзету енгізуге асығуға болмайды. Келесі жылдың бірінші тоқсанын күтейік. Ол кезде әлемде біршама саяси өзгерістер болып, мұнай бағасының қай бағытқа өзгеретіні анықталады. Өйткені мұнай көрсеткіштері валюта бағамының көрсеткішінен де маңыздырақ болады», – деді Байбазаров.