Қазақстан Ресеймен бірігіп ғарыш бағдарламасын жүзеге асыруға 233 млн доллар жұмсамақшы

Жарияланды
Бәйтерек ғарыш жобасын
«Бәйтерек» ғарыш жобасын жүзеге асыру барысында Қазақстан ұшыру алаңын жаңғыртады / Фото: kursiv.media

Ресей мен Қазақстан бірігіп, Байқоңырда 2025 жылы «Бәйтерек» жаңа ғарыш жобасын жүзеге асырады. Жобаға Қазақстан тарапы 233 млн доллар жұмсамақшы. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің телеграм арнасында жазылған.

«Бәйтерек» ғарыш бағдарламасы негізінде экологиялық таза «Союз-5» зымыран тасығыштары әзірленеді. Аталмыш зымырандар улы гептил негізінде ұшатын «Протон» зымыран тасығыштарының баламасы ретінде пайдаланылады.

Жобаға Ресей тарапы 916 млн доллар, ал Қазақстан тарапы 233 млн доллар жұмсайды. Ресей өз қаражатына «Союз-5» зымыранын әзірлейді. Ал Қазақстан ұшыру алаңын жаңғыртады. Нәтижесінде кешеннен жылына экологиялық таза 6-8 зымыран ұшырылып отырады деп күтілуде.

Елшіліктің хабарлауынша, «Бәйтерек» бағдарламасы екі ел үшін де тиімді. Өйткені Ресей нарыққа жаңа экологиялық таза «Союзды» шығарып, коммерциялық табысын арттыра алады. Ал Қазақстан ғарыш инфрақұрылымының операторы рөлін атқарады.

Жалпы, Ресей  Байқоңыр ғарыш айлағынан 9 зымыран ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл зымырандар тек азаматтық мақсатта пайдаланылады. Сонымен бірге ғарыш айлағынан әскери зымырандар ұшырмайды.

Айта кетсек, Kursivmedia Байқоңырды жалға беруден Қазақстан бюджетіне қанша қаржы түскенін зерттеген болатын. Келісім бойынша Ресей тарапы жыл сайын еліміздің республикалық бюджетіне 115 миллион доллар төлейді. 1995-2024 жылдар аралығында төленген жалға алу құнының жалпы сомасы – 3 335 000 000 доллар. Егер теңгенің долларға орташа жылдық айырбас бағамы арқылы есептесек, 1995-2024 жылдар аралығында Ресей үкіметі Қазақстан бюджетіне 735,2 миллиард теңге жалға алу құнын төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз